Күні кеше футболдан Қазақстан премьер лигасының үшінші турының ойындары болды.
Бір айға жуық үзілістен кейін 12 команда өзара бақ сынап, мықтыны анықтады. Айта кету керек «Қайсар» клубы «Ақсу» командасының чемпионаттан шектетілгеніне байланысты демалыс алды. Тартысқа толы өткен бұл турда 10 гол соғылып, төрешілер тарапынан 36 сары қағаз бен 2 қызыл қағаз көрсетіліп, жалпы саны 22 400 көрермен тамашалаған. Қысқаша ойындарға шолу жасап өтейік.
«Шахтер» -«Тұран» 0:2
Үшінші тур шымылдығын «Шахтер» мен «Тұран» командалары ашты. Кеншілер өз алаңдарында қақпаға жауапсыз екі гол жіберіп алды. Ойын бастала салысымен 7-минутта «Ақтөбе» қажет етпеген боливиялық шабуылшы Леонардо Вака гол салып, есеп ашты. Бірінші тайм аяқталар сәтке таман Бранислав Слука екінші голды соқты. Екінші таймда қос команда тарапынан қауіпті сәттер болғанымен, нәтиже болмады. Осылайша «Шахтердің» жеңіссіз әрі голсыз сериясы жалғасуда.
«Атырау» — «Жетісу» 0:1
Мұнайшы стадионында ауыз толтырып айтарлықтай қызықты сәттер болмады. Маусымның басында «мұнайшылар» құрамын күшейтіп алған болатын.
Ойынның бірінші таймында гол болмады. Алайда екінші таймның 73-минутында Серікжан Мужиков бұрыштамадан осы турдың ең үздік голын соқты. Арадан үш минут өткен соң, ойын ережесі бұзылып «Жетісу» қақпасына пенальти белгіленді. Бірақ 38 жастағы жартылай қорғаушы Игорь Стасевич он бір метрлік айып добын торға тоғыта алмады.Қайрат Нұрдәулетовтің шәкірттері бұл ойында жарады.
«Ақтөбе» — «Жеңіс» 3:0
«Ақтөбе» Астананың «Жеңіс» клубымен кездесті. Ойын бастала салысымен «ақ-қызылдар» шабуылдап «Жеңісті» әбден әбігерге салды. Ойынның 13-минутында астаналық команданың қақпасына пенальти белгіленіп, Максим Самородов оны сәтті орындады. Пенальтиден соң үш минут өте салысымен Идрис Умаев қорғаушыны алдап өтіп, «Жеңіс» қақпасының кілтін дәл тапты. «Ақтөбе» жылдам екі гол соққанан кейін ойыны баяулап қалғаны рас. Бірақ оны қарсылас команда сәтті пайдалана алмады. Ал ойынның 48-минутында Доминикандық легионер Дорни Ромеро ғаламат гол соғып, жанкүйерлер көзайымына айналды.
Айта кету керек, матчтың 72- минутында ақтөбелік қорғаушы Матео Барач турдың алғашқы қызыл қазағын алды.
«Қызылжар» — «Тобыл» 0:0
Петропавлдағы іш пыстырарлық ойын немесе достықтың жеңісі. Қос команда тарапынан аса қауіпті шабуылдар болмады. Сәйкесінше таблодағы есепте өзгеріссіз қалды.
«Астана» — «Елімай» 0:1
3-турдың сенсациясы «Астана» мен «Елімай» командаларының арасындағы матчта болды. Қос команда кезекпен кезек шабуылдады. «Елімай» клубының да «Астананың» да соққы бағыттап, қақпа бағанасына тиген қауіпті сәттері болды. Ойынның 59-минутында алаң иелері сапында Алекса Аманович қызыл қағазбен жазаланып, ойыннан шеттетілді. Ал ойын есебін 88-минутта Роман Муртазаев ашты.
Матчтың негізгі уақытына 7 минут қосылғанымен, астаналықтар есепті теңестіре алмады.
«Ордабасы» — «Қайрат» 1:2
Турдың орталық матчы Шымкентте болды. Ойынның 42-минутында ұлттық құраманың Еуропада жалғыз голын соғып келген Әділет Садыбеков тағы да өз шеберлігін көрсетті.
Ойында Бекхан Шайзада керемет сейвтерімен көзге түсті. Ал екінші таймда алматылық ұжымның лидері Жоау Паулу есеп айырмасын ұзартты. Шымкенттіктердің 85-минутта жасаған шабуылы нәтижелі болып, Жасур Яхшибоев ойын нүктесін қойды.
Өткен турда тура осы стадионда «Тұранға» қарсы тең ойнаған «Қайрат» осы жолы шымкенттіктерден айласын асыра алды. Айтпақшы «Ордабасы» мен «Қайраттың» ойыны 3-турда ең көп көрермен жинаған матч (8700 көрермен) болды.
Айнат ҚАБИДУЛЛАЕВ,
АСТАНА