Бүгін Астанадағы Ботаникалық бақта егде жастағы азаматтарға арналған «Денсаулық жолы: жүрек пен ми саулығы» атты скандинавиялық жүріс марафоны болды.
Іс-шара Гедеон Рихтер Қазақстан компаниясы мен Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Қатысушылар өз мысалдарымен белсенді ұзақ өмір сүруге шынайы мүмкіндік болатынын, ал жас — тек құжаттағы сан ғана екенін дәлелдеді, яғни бұл салауатты әрі белсенді өмір салтын ұстануға кедергі емес.
Марафонның басты мақсаты — жүрек-қан тамырлары ауруларының, неврологиялық аурулар мен когнитивтік бұзылулардың алдын алуға және оларды ерте анықтауға қоғамның назарын аудару. Статистикаға сәйкес, мұндай ауруға егде жастағы мыңдаған адам шалдығады.
Қатысушылар арнайы әзірленген қауіпсіз бағыт бойымен жүріп өтті. Оларға еріктідер мен кардиолог дәрігерлер қолдау көрсетті. Олар жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу бойынша ұсыныстар берді. Денсаулық жағдайына жедел бағалау жүргізді. Қатысушыларға тілектерін айтты.
Скандинавиялық жүріс — әсіресе, егде жаста ең қолжетімді әрі қауіпсіз дене белсенділігі түрлерінің бірі. Ол денедегі бұлшық еттердің 90%-ына дейін іске қосып, буындарға түсетін салмақты азайтады және жүрек-қан тамырлары жүйесін тиімді жаттықтырады.
Тіпті, жеңіл дене белсенділігі, мысалы, жай серуендеу, таза ауада жүру немесе күнделікті жаттығулар қан қысымын қалыпқа келтіруге, жүрек бұлшықетін шынықтыруға және көңіл-күйді жақсартуға ықпал етеді. Үнемі скринингтерден өту, профилактикалық тексерулер мен дәрігер кеңесіне жүгіну егде жаста өте маңызды. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларының алғашқы белгілерін біліп, уақытылы назар аудару керек. Ерте диагностика — аурудың алдын алудың ең сенімді жолы, — деді «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ кардиолог дәрігері Марат Бектаев.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, жыл сайын бүкіл әлем бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларынан шамамен 18 миллион адам қайтыс болады.
Ал Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, 2024 жылы елімізде өлім-жітімнің 22%-дан астамына дәл осы аурулар себеп болған.
Сондықтан, әсіресе егде жаста, жүрек ауруларына әкелетін негізгі қауіп факторларын білу өте маңызды. Олар — аз қозғалысты өмір салты, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмен деңгейі, темекі мен алкогольді қолдану, экологиялық факторлардың әсері.
Аралық қауіп факторлары — гипертония, қан құрамындағы қанттың жоғарылауы, артық салмақ және т.б. Мұның бәрін профилактикалық тексеру арқылы ерте анықтап, инфаркт, инсульт, жүрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр асқынулардың алдын алуға болады.
Күніне кемінде 30 минут белсенді қимыл жасау денсаулыққа төнетін көптеген қауіптерді азайтады, көңіл-күйді, мидың жұмысын және жалпы әл-ауқатты жақсартады.
Марафонның «Денсаулық жолы: жүрек пен ми саулығы» деп аталуы да тегін емес: мұнда жылдамдық немесе рекордтар маңызды емес, басты жеңіс — өз денсаулығыңызға деген қамқорлық.
Мен осы жолды жүріп өткенімде жүрегім ән салып тұрғандай болды. Қуана серуендедім, дәрігерлермен сөйлестім, адамдармен араластым, өзіме деген қамқорлықты сезіндім. Біздің жасымыздағы адамдарға мұндай кездесулер өте қажет, күш-жігер береді, — деп әсерін айтты марафонға қатысушысы Сауле Бекентаева.
Барлық қатысушыларға естелік дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Көптеген қатысушы жарысқа отбасымен — балаларымен және немерелерімен бірге келіп, өз туыстарына қолдау көрсетті.
Біз бұл марафонды өткізу арқылы қарт адамдарға қамқорлықтың маңыздылығын еске салғымыз келді. Олар енді денсаулығындағы өзгерістерді байқамауы мүмкін. Біздің аталарымыз бен әжелеріміз — жылулық пен даналықтың қайнар көзі. Олар өмір бойы бізге қамқор болды, енді оларға да сондай мейірімділікпен көңіл бөлуіміз керек. Бүгінгі іс-шара күнделікті дене белсенділігіне ден қоюға бастама болады деп сенеміз. Денсаулықты сақтау, көңіл-күйді жақсарту, өмір сапасын арттыру — бәрі өз қолымызда. Белсенді ұзақ өмір сүру — егер уақытылы әрекет етсек, қолжетімді нәрсе. Жас ұлғайған сайын ағзада өзгерістер орын алады, бірақ дәл қимыл, өзіне көңіл бөлу және белсенділік ми мен дененің сергектігін сақтауға көмектеседі. 30 жаста 90-дағыдай шаршаңқы жүруге де болады, ал 90-да 30-дағыдай сергек ойлауымызға да мүмкіндік бар, — деді Гедеон Рихтер Қазақстан компаниясының PR-менеджері Динара Бірмағанбетова.
«Денсаулық жолы» марафоны денсаулыққа көңіл бөлу мен белсенді өмір салтының маңызын еске салған нағыз саналы өмір салты мерекесіне айналды.
Анықтама:
Gedeon Richter компаниясы 1901 жылы негізі қаланған, штаб-пәтері Венгрияда орналасқан инновациялық фармацевтикалық компания. 1996 жылдан бастап Гедеон Рихтердің өнімдері Қазақстанның фармацевтикалық нарығында ұсынылып келеді.
25 жылдан астам уақыт ішінде компания мемлекеттік құрылымдармен, медицина саласындағы мамандармен серіктесе отырып, көптеген өзгерістерді жүзеге асыруға үлес қосты.
Гедеон Рихтер Қазақстан компаниясы қазақстандықтардың денсаулығына қамқорлық жасап, денсаулықты қолдауға арналған ең озық инновациялық шешімдерді ұсынады. Бүгінгі таңда Қазақстанда компанияның шамамен 100-ге жуық дәрілік түрлері тіркелген.
Компания еліміздің барлық өңірлерінде өкілдігін ашып, Қазақстандағы ең ірі фармацевтикалық компаниялардың біріне айналды.
Жазира НҰРТАЕВА,
АСТАНА