• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Almaty Resort» ұжымы соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетті

    Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Істері Басқармасы Медициналық орталығының «Almaty Resort» шипажайының қызметкерлері соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетті. Сұрапыл соғысты көрген Василий Зинченко, Николай Таратунин мен Иван Бегунов  естелік айтты.

    Мемлекеттік бағдарлама бойынша ардагерлер шипажайда тегін емделуге мүмкіндігі бар. «Almaty Resort» медициналық қызметкерлері оларға үнемі келіп жағдайын сұрап, денсаулығын бақылайды, қолдау мен қамқорлық көрсетеді.

    102 жастағы отставкадағы полковник Николай Таратунин 18 жасында майданға аттанады. Өзінен бұрын соғысқа кеткен барлық бауыры соғыста қаза табады.  Өзі де ауыр жарақат алады. Бірақ соған қарамастан аман қалды. Соғыстан кейін Николай Александрович Алматы жаяу әскер училищесін бітіріп, шекара әскерінде қызмет етеді. Бүгінде ол Алматыда ұлымен бірге тұрады. Үш немересі мен шөберелері бар.

    Биыл 101 жасқа толған барлаушы Василий Зинченко — Сталинград шайқасы мен Берлин шабуылы сияқты шешуші ұрыстарға қатысқан майдангер. Ол фельдмаршал Паулюсті тұтқынға алып, өзі ілесіп апарған. Соғыстан оралған соң Василий Зинченко Алматы сүт комбинатында еңбек етеді. Зайыбымен бірге үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір олардың жеті немересі мен он төрт шөбересі бар.

    Иван Бегунов биыл ғасырлық мерейтойын атап өтті. Оның тағдыры – жетімдік, ашаршылық, майдан даласы және соғыстан кейінгі өмір жолымен өрілген. Ол 228-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында Украин майданында соғысып, пулеметші ретінде Еуропаны азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін Алматыда құрылыс саласында еңбек етті. Қазіргі уақытта ардагер қызы Иринамен бірге тұрады. Оның бес немересі, он бір шөбересі және бір шөпшегі бар.

    Алматыда соғыстың тірі куәгерлері аз қалды. Олар нағыз батырлар. Ардагерлердің соғыс жайлы естеліктері бүгінде ерекше құнды, ұрпаққа үлгі. Ерліктері үшін олар мақтау сөздер күтпейді. Майдангерлер үшін ең бастысы — қамқорлық және шынайы алғыс.

     

    Нұрлан ҚҰМАР,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *