Бүгін Сингапурда көркем гимнастикадан Азия чемпионатының шымылдығы түрілді. Бәсекенің алғашқы күні көпсайыстан іріктеу нәтижесінде ұлттық құрама команданың екі спортшысы да финалға жолдама алды, деп хабарлады ТСМ Спортты дамыту дирекциясы.
Атап айтсақ, Айым Мейіржанова шығыршық пен лента жаттығуында 53.200 ұпай (26,.550 + 26.650) жинап, үздік үштікке жайғасып, екі бағдарламадан да финалға шықты. Сондай-ақ Айбота Ертайқызы 52.000 ұпаймен (26.900 + 25.100) бесінші сатыдан көрініп, доп жаттығуынан шешуші тартысқа қадам басты.
Сары құрлық бәсекесінде ересектер арасында 19 елден 100-ден астам үздік атлет жиналып, бар шеберліктерін паш етуде.
Доданың басты мақсаты — спортшылардың шеберлігін шыңдап, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.
Азия чемпионаты 18-мамырға дейін жалғасады.