Астанада арбадағы теннистен ITF Futures Series бойынша алғашқы турнирдің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Орталық Азия бойынша алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа АҚШ, Жапония, Австралия, Франция, Оңтүстік Корея, Үндістан, Польша, Қырғызстан, Ресей, Беларусь және өз еліміздің өкілдері қатысып, бірнеше күн бойы бақ сынасты.
Ерлер арасында жекелей сында тұрақты ойын өрнегін көрсеткен жапониялық Фудзимото Ёшинобу чемпион атанса, австралиялық Мартин Данн финалға дейін жетті.
Әйелдер арасында ресейлік Виктория Львова үздік шықты. Ол финалда Беларусь өкілі Людмила Бубнованы жеңді.
Ерлерден жұптық сында соңғы бәсекеде Мартин Данн мен жапониялық Тачи Томояны тізе бүктірген Фудзимото Ёшинобу мен оңтүстіккореялық Джи Хван Ли жеңіс тұғырына көтерілді.
Әйелдерден жұптық сында қазақстандық Айжан Бітімбаева оңтүстіккореялық Пак Чжу-Ёнмен бірге Қазақстан тарихында алғаш рет ITF Futures Series додасының финалына дейін жетті. Олар Виктория Львова мен қырғызстандық Әмина Манғұтоваға ғана есе жіберді.
Бүгін ITF Futures Series бойынша екінші турнир басталды.