Ежелгі Олимпияда (Грекия) 2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтетін қысқы Олимпиялық ойындардың алауы салтанатты түрде жағылды, деп хабарлады Ұлттық Олимпиялық комитет.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты рәсім дәстүр бойынша Гера храмында емес, Археологиялық мұражайдың ішкі залында болды. Бас діни қызметкердің рөлін биыл да актриса Мэри Мина атқарды.
Салтанатты іс-шараға Грекия президенті Константинос Тасулас, Халықаралық Олимпиялық комитеттің басшысы Кирсти Ковентри, 2026 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындары ұйымдастыру комитетінің басшысы Джованни Малаго және өзге де қонақтар қатысты.
-Бұл рәсім — Олимпиялық ойындардың бейбіт бәсеке, достық және өзара құрмет рухында адамдарды біріктіруге құрылған басты идеясын еске салады.
2026 жылы Милан-Кортинада өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарының алауын жағу арқылы, біз бұл жарықты өткеннен бүгінге әрі болашаққа жалғаймыз. Бұл біз барлығымыз көргіміз келетін ортақ болашақ.
Жақында алау Италияға жол тартады. Бұл елде құштарлық сезімі адамдардың жүрегінен терең орын алған. Миланның серпінді атмосферасынан бастап, алып Доломит және Италия Альпісіне дейін жететін бұл құштарлық сезімі спортшылар мен жанкүйерлерді шабыттандыратын болады. Ол Италияның барша әлеммен бөлісетін әрбір сәтінде көрініс тауып, Олимпиаданың жүрек соғысына айналады, — деді Кирсти Ковентри.
Алауды ең алғаш көтерген — 2024 жылғы Олимпиада жүлдегері Петрос Гайдацис. Грекия аумағындағы қысқа эстафетадан кейін алау Римге жеткізіледі.
Италиядағы эстафета елдің барлық 110 провинциясын аралап өтеді және 6 ақпанға дейін жалғасады. Миландағы «Сан-Сиро» стадионы эстафетаның соңғы нүктесі болады. Онда 2026 жылғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары