Бүгін «Сайыпқыран» айдарын одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі мақаланың кейіпкері халықаралық жарыстарда қысқы спорт түрлерінен ел намысын қорғап, талай сындардан сүрінбей келе жатқан жас спортшы -Мағжан Аманкелдіұлы.
Мағжан жас болса да бас бола білетінін көптеген жарыстарда көрсетіп, дәлелдеп келеді. Ол биылға дейін елішілік турнирлер мен халықаралық дүрмекті додаларға қатысып, құрмет тұғырының ең биік сатысына шығып отыр. Спортшы қалалық кубок үшін жарыстан бастап әлем чемпионаты, әлем кубогы үшін өтіп жатқан дүбірлі додаларда ел намысын қорғап, мәреге бірінші келуді әдетке айналдырған. Сол үшін мақаланың тақырыбын да «Мәреде – Мағжан» деп қойып отырмыз.
Ол 2003 жылдың 26 қыркүйегінде Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесқайнар ауылында туған. Осы елді мекендегі №20 орта мектепте білім алған. Оның айтуынша, 2014 жылы мектепке қос сайыс (шаңғы жарысы мен трамплиннен секіру) бойынша жаттықтырушылар — Владимир Анатольевич Клепиков пен Александр Петрович Кучеренко келіп, спорт секциясын ашты.
-Сол кезден бастап мен достарыммен бірге спорт үйірмесіне өз еркіммен жазылып, алғашқы жаттығуларға қатыса бастадым. Біз алысқа жүгіріп, шаңғымен тұғырдан секірудің бастапқы жаттығуларын үйрендік. Жаттықтырушылардың тапсырмаларын жылдам орындап, әсіресе жүгіруде жақсы нәтиже көрсете бастадым. Бір ай өткеннен кейін бапкерлер мені аудандық кросс жарысына алып барды. Олардың таңданысына орай, мен өз өмірімдегі алғашқы жарыста жеңіске жеттім. Осы сәттен бастап жарыстарға жүйелі түрде қатыса бастадым. Көбіне үйге медальсіз қайтпайтын болдым. 2015 жылдың жазында жаттықтырушылар маған қалалық спорт мектебі — Спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт мектеп-интернатына (СШИОСД) түсуге кеңес берді. Ата-анам алғашында қарсы болды. Бірақ бапкерлердің ұзақ әңгімесінен кейін келісім берді, — деді ол.
Содан кейін жас талап 7-сыныптан бастап спорт мектебіне ауысты. 2015 жылдың қыс мезгілінде жасөспірімдер арасында шаңғының қос сайысы бойынша Қазақстан чемпионы атанды. 2016 жылдың жаз кезінде бапкерлер оны Санкт-Петербург қаласында өткен Ресейдің жасөспірімдер арасындағы жарысына алып барды. Онда қазақ баласы жақсы нәтиже көрсетіп, қола медаль жеңіп алды.
Осы жарыстан кейін Мағжан Аманкелдіұлы бірден Олимпиадалық даярлық орталығының жасөспірімдер құрамына қабылданды. Шаңғының қос сайысы, шаңғымен жүгіру жарысы және тұғырдан секіру бойынша барлық жарыстарда жас санатында тұрақты түрде жүлде алып жүрді.
2017 жылы ол Республикалық спорт мектебіне ауыстырылды. 2019 жылдың соңында ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында шаңғының қос сайысынан үшінші орын алып, 2020 жылы Қазақстанның ұлттық құрама командасына қабылданды. Сол жылы Қазақ спорт және туризм академиясына (ҚазАСТ) оқуға түсті.
2020–2021 жылғы алғашқы ересектер маусымында Чингиз Ракпаровпен бірге құрлықтық кубокта Еуропаның үздік отыздығының қатарына енді. Осы нәтижелердің арқасында Ракпаров екеуі Қазақстан тарихында алғаш рет шаңғының қос сайысы бойынша әлем кубогына қатысуға лицензия алды. Сол маусымда Мағжан ерлер арасындағы Германияда өткен әлем чемпионатына да жолдаманы жеңіп алды. Осылайша, талантты жігіт Қазақстан құрамасының жетекші спортшыларының біріне айналып, ел тарихында халықаралық жарыстарда ұпай жинаған ең жас спортшы болды. Сондай-ақ әлем кубогы мен әлем чемпионатына қатысқан еліміздің ең жас спортшысы атанды.
2021–2022 жылғы маусымында Олимпиадаға лицензиялық маусым басталды. Осы кезде ол Чингиз Ракпаровпен бірге Австриядағы жазғы Гран-приге, Эстониядағы әлем кубогына қатысып, Қытайда бірнеше рет ТОП-30 қатарына еніп, бағалы ұпайлар жинады.
-Мен Қазақстан кубогында күміс жүлдегер атандым. Финляндиядағы құрлықтық кубокта команда лидері Чингиз Ракпаровты артта қалдырып, Қазақстан құрамасының №1 спортшысы болдым. Жастар арасындағы әлем чемпионатында медаль алуға басты үміткер атандым. Өкінішке қарай, маусым соңында Бейжің Олимпиадасына лицензия алу үшін маған небәрі үш ұпай жетпей қалды. Осылайша, 2021–2022 жылдардағы жарыс маусымы аяқталды. Маусымнан кейін спорт министрі Дәурен Абаев елімізде «шаңғының қос сайысы» спорт түрінің жабылатынын айтып, бұл спорттың дамуы тоқтап тұрғанын хабарлады. Көптеген хаттар мен Президентке жазылған өтініштерге қарамастан шешім өзгеріссіз қалды. Осы жағдайдан кейін мен спорттық карьерамды аяқтауды шештім. Бірақ ата-анам мені шаңғымен тұғырдан секірумен айналысуға көндірді. Солай етіп, мен жаңа спорт түрінде карьерамды жалғастыруға бел будым, — деді ол одан әрі.
Оның айтуынша, еліміздің трамплиннен секіру құрамасына кіру үшін Қазақстан кубогында үздік үштікке ену керек болды. 2022 жылдың жазында Мағжан Қазақстан кубогының иегері атанды. Финляндиядағы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Сергей Ткаченконы артта қалдырды. Содан кейін жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Осылайша, жас жігіт жаңа спорт түрінен Қазақстан құрамасына қосылды.
-2022–2023 жылдары АҚШ-та өтетін Дүниежүзілік қысқы Универсиада мен Канадада жалауы көтерілетін жастар арасындағы әлем чемпионатында медаль алатын басты үміткерлердің бірі болдым. Мені еліміздің атынан Универсиаданың ашылу салтанатында ту ұстап шығатын спортшы ретінде таңдады. Бұл мен үшін үлкен құрмет болды. Алайда тізе жарақатына байланысты өз деңгейімде өнер көрсете алмадым. Маусым басында спорттық бабымды жоғалтып алдым. Соның кесірінен команда болып 7-орынға ие болды. Кейіннен Словенияда болатын әлем чемпионатына іріктеуден өттім. Бірақ тізе жарақаты маусымды ерте аяқтауыма себеп болды, — деді спортшы.
Бірақ ол жарақаты жазылған соң, жарыс алаңына қайтып келіп, тағы да жақсы нәтиже көрсете бастады. Ол былтыр Қазақ спорт және туризм академиясын бітіріп, Эстонияда трамплиннен шаңғымен секіру бойынша алғашқы халықаралық ұпайларым жинады.
2024–2025 жылғы маусымында Қазақстан намысын он елде өткен Халықаралық шаңғы жарысы федерациясының додалары мен құрлықтық кубокта қорғады.
Марапаттар:
2016
1st place. Шаңғының қос сайысы бойынша жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты (к-20, спринт)
3rd place. Шаңғының қос сайысы бойынша Бүкілресейлік «Кавголов ойындары» жарыстары
2017
3rd place. Шаңғының қос сайысы бойынша 2002-2003 жылдары туған жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты
3rd place. Шаңғының қос сайысы бойынша 2002-2003 жылдары туған жастар арасындағы 2 шақырым қашықтық арналған Алматы қаласының чемпионаты
2018
1st Place. Шаңғының қос сайысы бойынша Алматы қаласының чемпионаты (к-60, 5км)
2nd place. Шаңғы жарысынан жасөспірімдер арасындағы Алматы қаласының чемпионаты
2nd place. Шаңғы жарысынан Тәуелсіздік күнінің құрметіне арналған Алматы облысының кубогы
2rd place. Шаңғы жарысынан жасөспірімдер арасындағы Алматы қаласының чемпионаты
2019
1st place. Шаңғының қос сайысы бойынша жастар арасындағы РЕ чемпионаты
1st place. Шаңғының қос сайысы бойынша ардагерлерді еске түсіруге арналған жарыстар
1st place. Шаңғымен тұғырдан секіруден Алматы қаласының чемпионаты
1st place. Шаңғының қос сайысы бойынша 2002-2003 жылдары туған жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты
2020
2nd place. Шаңғы жарысынан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Денсаулық жолы» атты шаңғы фестивалі
1st place. Шаңғының қос сайысы бойынша жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты (к-65, 5 км)
1st place. Шаңғының қос сайысы бойынша жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты (к-65, 10 км)
2021
ТОП — 30 Құрлықтық кубок (Ресей, Нижний Тагил), әлем чемпионатына қатысушы (Германия, Оберстдорф)
1st place. Шаңғы жарысынан Алматы қаласының ашық чемпионаты. 2003 — 2004 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы жеке жарыс
3rd place. Шаңғы жарысынан Алматы қаласының ашық чемпионаты. Ерлер арасындағы командалық жарыс
1st place. Шаңғының қос сайысы бойынша жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты
2nd place. Шаңғының қос сайысы бойынша Қазақстан Республикасының жазғы кубогы
2nd place. Ерлер арасында шаңғының қос сайысы бойынша Қазақстан Республикасының жазғы кубогы
2nd place. Ерлер арасында шаңғының қос сайысы бойынша Қазақстан Республикасының жазғы кубогы
2022
ТОП — 30 Құрлықтық кубок (Қытай, Бейжің), әлем кубогына қатысушы (Эстония, Отеппа)
1st place. Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан кубогы
2nd place. Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан кубогы
2nd place. Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан кубогы
3rd place. Шаңғымен тұғырдан секіруден Алматы қаласының чемпионаты
1st place. Шаңғымен тұғырдан секіруден А.А.Степановтың мемориалы
1st place. Жастар арасында шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан чемпионаты
2023
7th place. Дүниежүзілік қысқы Универсиада, әлем кубогына қатысушы (Норвегия, Лиллехаммер), әлем чемпионатына қатысушы (Словения, Планица)
3rd place. Спорт ардагерлерін еске түсіруге арналған жарыс. Шаңғымен тұғырдан секіру
2024
ТОП – 25 Халықаралық шаңғы жарысы федерациясының кубогы (Эстония, Отеппа)
2nd place. Ерлер арасында шаңғымен тұғырдан секіруден Алматы қаласының кубогы
2025
ТОП — 40. Құрлықтық кубок (АҚШ, Айрон Маунтейн)
Рүстем ЖҰМАН,
АСТАНА




SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары