Астанаға блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева мен анасы әрі жеке жаттықтырушысы Лиана Таңжарықова келді. Оларды әуежайдан БАҚ өкілдері, шахматтан ұлттық құраманың бас бапкері Павел Коцур мен Спортты дамыту дирекциясының ресми өкілдері күтіп алды. Осы жерде шахматшы журналистерге биылғы жоспары туралы аз-кем айта кетті.
Биыл бірқатар маңызды жарыста ойнаймын. Әлемдік гран-прилер сериясы, әлем кубогы мен әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын. Алғашқы жарысым наурыздағы гран-придің келесі кезеңі. Сондай-ақ күзде Қытайда өтетін Азия ойындарына да қатысу жоспарда бар,- деді Бибісара Асаубаева.
Былтыр қыркүйек айында Астанада 2022-2023 жылғы маусымдағы әйелдер арасындағы ФИДЕ гран-приінің алғашқы кезеңі өткен болатын. Таңдаулы 12 шахматшының арасында Жансая Әбдімәлік бесінші, ал Бибісара Асаубаева оныншы орынды иеленген еді.
Енді гран-придің екінші кезеңі ақпан айында Германияның Мюнхень қаласында өтсе, үшінші кезеңі Үндістанда болады. Ал соңғы төртінші кезең Польшаның Быдгош қаласында ұйымдастырылады.
18 қаңтарда Қазақстан шахмат федерециясының съезі өтеді. Оған ұлттық құраманың барлық шахматшысы қатысады.
Наима НҰРӘЛІ,
АСТАНА