Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында өтіп жатқан командалық әлем чемпионаты Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңінің жартылай финалистері анықталды.
Мәдина Рахымның шәкірттері ширек финалда іріктеу турнирінің екінші ракеткасы — Үндістан командасын ұтты.
Алдымен Ева Корышева қарсыласын 6:1, 6:1 есебімен жеңді. Содан кейін Еркежан Жаңатаева да бәсекелесін 6:4, 6:7, 6:2 есебімен ұтты.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 24 наурыз күні жартылай финалда Жапониямен ойнайды. Жапондар ширек финалда Таиланд командасынан басым түсті.
Биыл Азия – Тынық мұхит аймағынан командалық әлем чемпионатының финалдық сатысына үш жолдама беріледі. Финалдық кезең жазда Чехияның Простеев қаласында өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА