• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Баскетболдан әйелдер құрамасы Азия кубогына дайындалып жатыр

    Баскетбол Қазақстан әйелдер құрамасы елордада Азия кубогы қарсаңында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, деп хабарлады Мəдениет жəне спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

    Қазақстан ұлттық құрамасы бас жаттықтырушы Виталий Стребковтің жетекшілігімен  бір аптадан кейін жаттығуды аяқтап, Таиландтың астанасы – Бангкок қаласына аттанады.

    Астана қаласындағы қазіргі жиын команданың ойын мәнерін жетілдіріп, комбинацияларды шыңдауға бағытталған.

    Кеше Ұлттық баскетбол федерациясының президенті Абай Алпамысов ойыншылармен және жаттықтырышылар құрамымен кездесіп, байрақты бәсекеде сәттілік тіледі.

    «В» дивизионында Қазақстан құрамасы бір топта Шри-Ланка (13 тамыз), Таиланд (14 тамыз) және Иорданиямен 15 тамызда бақ сынайды. Ал «А» тобында Индонезия, Иран, Малайзия мен Моңғолия бар.

    Бұл дайындық екі аптаға жоспарланған. Бұл біз үшін аз уақыт. Соған қарамастан барынша тиімді өткізуге тырысып жатырмыз. Тағы бір өкініштісі, көшбасшылардың бірі Зарина Куразова ауыр жарақат алып қалды. Алдағы Азия кубогы мен Қытайдағы Азия ойындарында ойнай алмайды. Оған отадан соң қалпына келуі үшін 5-6 ай қажет. Негізгі құрамдағы басқа ойыншылар осында. Бізде ұлттық құрамаға спортшыларды шақыру қиын болған жоқ.

    Мақсат — барлық матчта жақсы ойнап, ұпай алу. Қарсыластардың ойынын талдап үлгердік. Осыдан екі ай бұрын оңтүстік-шығыс Азия елдері ойындары өткен. Сондағы жазбаларды көрдік. Шри-Ланка біздің құрамаға қатты қауқар таныта алатын ел емес. Ал жарыс қожайыны Таиланд пен Иорданиямен қиын кездесу күтіп тұр. Алғашқысына жанкүйерлер қызу қолдау көрсетеді. Біз олардан жеңілген жоқпыз. Ал Иордания құрамасы америкалық ойыншыларды алған екен.  Өздерінде де мықты баскетболшылар шығып келеді, — деді ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Виталий Стребков.

    Айта кетейік, әр топта бірінші орын алған құрама тікелей жартылай финалға шығады. Олардың қарсыласы топта екінші және үшінші орын алған командалар арасынан іріктеледі. «А» дивизионына тек бір ғана ел жолдама алады.

     

    Шамкен БАЙЫРБЕК,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *