Футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы ресейлік Магомед Адиев «Рабинерв» YouTube-арнасына берген сұхбатында Еуропа чемпионатына іріктеу турнир аяқталған соң, Қазақстан азаматтығын алуы мүмкін екенін айтты.
Қазақстан футбол федерациясы менің осы елдің азаматы болғанымды қалап отыр. Менің естуімше, федерация осы әңгімені әрі қарай қозғап, үлкен шенеуніктерге, Мәдениет және спорт министріне айтқысы келіп отырған көрінеді. Бірақ мен азаматтық туралы түпкілікті шешім қабылдаған жоқпын. Азаматтық алу керек пе, керек емес пе, оны мен өзім білемін ғой. Ал егер маған азаматтық беріліп жатса, ол енді мен үшін зор мәртебе, үлкен қуаныш, – деді ол.
Оның айтуынша, Ресей Федерациясының азаматы ретінде Еуропа елдері мен басқа да мемлекеттерге виза алу оңай емес. Сол үшін Федерация тездетіп Қазақстан азаматтығын алып бергісі келеді. Бірақ дәл қазір ол азаматтық туралы ойлағысы келмейді.
Қазір мен азаматтық туралы ойлап жүрген жоқпын. Федерация басшылығына Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аяқталғанша азаматтық мәселесін айтпауды өтіндім. Одан кейін Қазақстан азаматы боламын ба, болмаймын ба, оны өзім білемін.
Әрине, қазір маған ғана емес, Ресейдің барлық халқына оңай емес. Егер азаматтық алсақ, «Міне, көрдіңдер ме, елден тағы бір адам қашты», деп айтады. Ал елден қашу деген менің табиғатымды мүлдем жоқ. Мен ондай адам емеспін. Кезінде шешен соғысында да қазіргідей жағдай болған жоқ. Сондықтан маған азаматтық алу деген оңай шаруа емес. Қазақстанда қос азаматтыққа рұқсат берілмейді. Бұл жерде оған қатаң тыйым салынған, – деді Адиев.
Бас жаттықтырушының айтуынша, әзірше ол Еуропа елдеріне виза алып жүр. Бірақ команданың басқа мүшелері сияқты емес, визаны ұзақ күтеді. Ол үшін хат жазып, біраз уақытын кетіреді.
Виза алу оңай емес. Менің әкем Алматыда туған. Біздің отбасымыз біршама уақыт Алматыда тұрған. Сол үшін аздап жеңілдік болып жатыр. УЕФА соны да ескеріп жатыр екен. Енді Финляндиямен, Даниямен және Словениямен ойынға виза беретін шығар. Соған үміттенемін, – деді Магомед Адиев «Рабинерв» YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Қазір Ресей азамматтарына Еуропа елдеріне виза алу мәселесі оңай болмай жатыр. Мәселен, жақында Арменияның «Пюник» клубында ойнайтын Ресейдің Михаил Коваленко деген футболшысына Эстонияға виза берілмеген. Соның кесірінен ол Конференция лигасының матчтарынан қалуға мәжбүр болған. Сол сияқты былтыр Германияның «Байер» клубының қақпашысы Андрей Лунев те Ұлыбританияға виза ала алмаған.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА