• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақстан спортшылары XIX Азия ойындарына аттанды (ФОТО, ВИДЕО)

    Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында XIX жазғы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасымен кездесті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

    Сары құрлықтың басты жарысы 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді.

    Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің атынан 524 атлет қатысады. Олар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін күш сынасады. Қазақстан құрамасы Азия ойындарына 1994 жылдан бері сегізінші рет қатысуда.

    Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушылар құрамымен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі. Министр Азия ойындарында табысты өнер көрсету өте маңызы екенін айтты. Себебі Азиадада құрлық чемпионы атағымен қатар спорттың 8 түрінен Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынады.

    Біз осы сәтке дейін ұзақ әрі ауқымды жұмыс атқардық. Кешенді жоспар әзірленді. 400-ден астам оқу-жаттығу жиындары өтті. Түрлі турнирлер ұйымдастырылды. Соның арқасында біздің спортшылар өздерін жоғары халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік алды. Санаулы күндерден кейін сіздер басқа елдердің талантты және шебер спортшыларымен жарысқа шығасыздар. Бұл оңай емес, бірақ осындай турнирлерде мінез шыңдалады, құнды тәжірибе жинақталады. Баршаңызға сәттілік, жігер мен төзімділік тілеймін. Байрақты бәсекеде медаль, Олимпиадаға жолдамалар, рейтингтік ұпайлар ғана емес, сонымен қатар ел намысы, бүкіл ел спорттың мәртебесі бәске тігіледі. Біздің министрлік әрдайым отандық спортшыларды, жаттықтырушыларды және осы саланың басқа да мамандарына қолдау көрсетеді. Біз әлемге елімізді танытып қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп, спорт пен салауатты өмір салтына деген қызығушылықты оятамыз. Баршаңызды үлкен спорт мерекесінің басталуымен құттықтаймын және алдағы Азиадада ең биік шыңдарды бағындыруға тілектеспін!, — деді Туризм және спорт министрі.

    Осыған дейін Туризм және спорт министрлігі Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына берілетін ақшалай ынталандыру мөлшерін жариялаған болатын. Атап айтқанда, құрлық чемпионы атанған спортшыға 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал, алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5000 АҚШ доллары қарастырылып отыр. Азиаданың күміс жүлдегері 5000 АҚШ доллары, ал жаттықтырушысы 3000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ, қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3000 АҚШ доллары, ал оның жаттықтырушысына 2000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.

    Азия ойындарының ашылу салтанаты 23 қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласындағы Олимпиада спорт орталығы стадионында өтеді. Жарысқа сары құрлықтағы 45 мемлекеттен 15 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар спорттың 40 түрінен жалпы саны 481 медаль жиынтығын өзара сарапқа салады.

     

    Туризм және спорт министрлігі

    ФОТО: Туризм және спорт министрлігі

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *