• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алға, XIX Азиадаға!

    Бүгін Алматыға таяу орналасқан Кешенді Олимпиадалық даярлау орталығында Қазақстан ұлттық құрама командасын Қытайдың ХАНЧЖОУ қаласында өтетін XIX жазғы Азия ойындарына салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. 

    Қазақстаннан Азиада тарихында ең көп спортшы — 525 атлет баратын бұл жолғы салтанатты шығарып салуға таяуда ғана тағайындалған туризм және спорт министрі Ермек Боранбайұлы Маржықбаев арнаулы келіп,спортшыларымызға ақ жол мен жеңіс тіледі.  Бұл шараға Қазақ спортының аңызы, даңқты желаяқ Әмин аға Тұяқов, Олимпиада чемпиондары — Ермахан Ибраимов, Ольга Шишигина, Серік Сәпиев, Ольга Рыпакова, Александр Винокуров, күміс жүлдегер Ислам Байрамуков және басқалар қатысты.

    Даңқты спортшылар өз ізбасарларына жеңісті жол тілеп, өз тәжрибелерімен бөлісті.  Салтанатты жиында көпті көрген спорт журналисі ретінде маған да сөз берілді.  Мен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында өткен тұңғыш Азия ойындарының куәгерімін.  Одан бері оннан асатын Азия ойындары, Шығыс Азия ойындарына куә болдым. Оған қоса, 11 Олимпиадалық ойындарға барып,репортаждар жаздым. Оларды топтастырып, бес томдық «Олимпийский маршрут» деген кітап жазып, жарияладым.  Мен Азиадаға аттанатын спортшыларға арналған сөзімді қаламдас бауыр Алмас Ахметбековтің «Көк тудың желбірегені» деген ғаламат өлеңінің екі жолымен бітірдім: «…ТАЛАСҚА ТҮССЕ ЖАН мен ТУ, ЖАН ЕМЕС МАҒАН КЕРЕГІ, КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ!!!» дейді Отанын сүйген ақын жүрек. Сендер де жан берсеңдер де қасиетті КӨК ТУЫМЫЗДЫ басқалардың бәрінен биікте желбіретіп оралыңдар, айналайындар!», дедім.

    Бүгінде қарт құрлық Азияда спорттың дамуы қарыштап өскен.  Оның үстіне,  қарсыластарың Азиаданы былай қойып,Олимпиадаларда топ жарып жүрген Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, спорты ерекше дамып отырған Австралия, Иран, Үндістан секілді мемлекеттер болса, босаңсуға хақымыз жоқ.

    Бұл кешенді жарысқа 500-ден аса спортшы жіберіп отырған Қазақстан топ жармаса да осы топтың маңдай алдындағылардың бірі болса деген арман да жоспар да бар.  Бұл біздің ғана емес, біртұтас Қазақстан халқының арман-мұраты.  Алға, XIX Азиадаға, Қазақстан спортшылары!  Жеңіл барып, ауыр қайтыңдар!  Сендер жеңіп алған медальдардан, Құдай қолдап, қайтарда ұшып келетін ұшақтарыңның белі қайысатын болсын!!!

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

    спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері

    ФОТО: Туризм және спорт министрлігі

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *