1990-2000 жылдардың басында «Егемен Қазақстан» газетінде «Қайда жүр екен, сол саңлақ?» деген айдар болатын. Онда газетке бұрын спортта жүрген азаматтардың немен айналысып, не істеп жүргендері туралы материал берілетін.
Бүгін біз де осы дәстүрде жалғастырып, «Қайда жүр екен, сол саңлақ?» деп Астананың «Барыс» клубының бұрынғы ойыншысы Дамир Ырысбаевтың қазір қайда жүргенін, немен айналысып жатқанын білгіміз келіп, жан-жақтан сұрастырған едік.
Қазір Дамир Ырысбаев Астанада. Онымен әңгімені кейінге қалдыруды жөн көрдік. Ал әзірше оқырман назарына хоккейшімен 2016 жылдың қараша айында болған аз-кем әңгімені ұсынуды жөн көріп отырмыз. Әрине, 7 жылда көп нәрсе өзгерді. Көп оқиға болды. Ол әңгіме енді кейінге қалсын.
Сонымен, 2016 жылғы қараша айы.
Астананың «Барыс» хоккей клубының бұрынғы қорғаушысы Дамир Ырысбаевпен ойда жоқта кездесіп қалдық. Қазақстанның жастар құрама командасының ойыншысы Есіл өзінінің сол жағалауында орын тепкен еңселі ғимараттардың біріне бір шаруаларымен келіпті. Сол жерде талай дүбірлі додаларда ел намысын қорғап, өзге елдің өкілдеріне қазақ жігіттерінің жуан жұдырығын да көрсетіп үлгерген хоккейшіні көре салысымен әңгімеге тартқан едік.
– Дамир, өзіңді сырттай жақсы білеміз. Хоккей матчтарында сұсты көрінсең, қазір қарап отырсам жылы жүзді, сыпайы, қазақтың кәдімгі сары домалақ баласы екенсің.
– Рахмет, ағасы (Күледі).
– Сені жақсы білемін деп жатқаным, ойындардан ғана емес, мұз айдынындағы төбелестеріңді де айтып отырмын.
– Оны мен де сезіп отырмын.
– Қазір қайда жүрсің? Менің ауылдағы кластастарым, достарым сені жақсы біледі. «Хоккей», «Барыс», «Дамир» десе ішкен асын жерге қояды. «Барыстан» кеткеніңді білеміз. Достарыма қайда жүргеніңді айтып берші. Телефон соғып айтайын.
– Астанада «Барыстың» «Номад» деген фарм-клубы бар. Сонда ойнап жүрмін.
– Сонда ойнап жүргеніңе көп болды ма?
– Иә, біраз уақыт болды ғой. «Барыстан» кеткен соң сонда бардым. Қазір бәрі жақсы. Ел сияқты ойнап жүрмін.
– Ел сияқты дегенді қалай түсінуге болады?
– «Барыстың» сапында соңғы 3 жылда шайба салған емеспін. Ал «Номадта» 19 матч ойнап, бірнеше шайба соқтым.
– «Барыс» туралы тағы сұрайын. Сол командада ойнап жүргенде төбелесіп жүрдің ғой. Саған ол не үшін керек болды?
– Не үшін дегенде, егер қарсыласымыз дөрекі ойнап жатса, оған шынын айтайын, шыдамым жетпейді. Кейде біздің ойыншылар жарақат алып қалады. Сол кезде бір орында тұра алмайсың.
– Арқам бар дейсің ғой. Ондай болады. Құрлықтық хоккей лигасында «Барыс» пен «Куньлунь Ред Стар» командаларының ойынында жалғыз өзің біраз қытайдың сазайын бергеніңді көрдік. Сол кезде төбелес неден басталды?
– Қытайлықтар біздің ойыншыларды жарақаттады, дөрекі ойнады. Соған шыдай алмадым.
– Сенің төбелестеріңді Youtube-та миллиондаған адам көреді екен. Айдынға сол үшін де шығасың ба? Шыныңды айтшы.
– Қазақстанның жастар құрамасы сапында шетелге шықсам, мені жаттықтырушылар ойынға көп жібермейді. Әрине, мен ол үшін ешкімге ренжімеймін. Олар команданың жағдайын ойлайды. Бірақ мен жаттықтырушылардың тапсырмаларын орындап жүремін. Еш жерде қателескім келмейді. Алайда, біздің жігіттерді біреулер арандатып жатса, оларға қарсы дөрекі ойнаса, қарсылас команданы орнына қоюға тура келеді.
– Хоккейде төбелескен дұрыс емес деп ешкім айтпайды. Ол нағыз ерлердің ойыны дейді. Мысалы, Ұлттық хоккей лигасында ойыншылар төбелесіп жатады. Сол кезде оларға қатаң жаза қолданыла бермейді. Ал Құрлықтық хоккей лигасында жағдай басқа сияқты…
– Иә, дұрыс айтасыз. Хоккей – ерлердің ойыны. Бірақ, қазір ол нәзік ойынға айналып барады. Сол жағы өкінішті. Менің «Барыстан» кетуіме «Куньлунь Ред Стар» командасымен кездесудегі төбелестің кесірі тиді. ҚХЛ-дың тәртіптік комиссиясы «Рысбаев лигадан аластатылсын» деген шешім шығарыпты.
– Енді «Барысқа» қайтіп бару ойда бар ма?
– Әрине, бар. «Барысқа» Құдай қаласа қайтып барамын.
– Құрлықтық хоккей лигасында кіммен төбелескенің есте қалды?
– Свитовпен. Онымен «Ак Барспен» ойында төбелескен едім.
– Содан кейін ол жарақат алып қалды емес пе?
– Иә, жарақат алып, Астанаға «Барыспен» матчқа келе алмады.
– Өзіңді жұлдыз санайсың ба?
– Жоқ. Өзімді ешқашан жұлдыз санаған емеспін. Ел қатарлы жүрмін. Елдің бір азаматымын.
– Қарапайым жігіт екенсің. Жарайсың! «Барысқа» қайтып баруыңа тілектеспін.
– Рахмет!
– Айтпақшы, сенің төбелестерін туралы «Барыстың» бұрынғы жаттықтырушысы не деді? Осылай төбелесіп жүре бер деді ме?
– Жоқ. Ондай ештеңе айтқан жоқ. Жаттықтырушы ретінде команданы ойынға дайындап жүрді. Оның төбелесті қолдағанын көрген емеспін.
– Жақсы, түсінікті.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН