• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тоғызқұмалақ – ұлтымыздың ақыл-ой спорт түрі

    Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі – тоғызқұмалақ қазіргі таңда әлем халқына танымал бола бастады. Олай дейтініміз ұлтымыздың төл ойыны болып саналатын тоғызқұмалақты дүниежүзінің төрт бұрышында сүйіп ойнайтын адамдардың саны күннен-күнге артып келеді.   

    Осыған орай, Алматы қаласының Алатау мәдениет үйі маңайына орналасқан Үстел теннисі орталығы мерекелік бейнеге енді. Өйткені, мектеп оқушылары арасында тұңғыш рет ел тарихындағы елеулі оқиға, тоғызқұмалақ ойынынан әлем чемпионаты өтті. Әрине, ұлттық ойын десе қаны қызбайтын адам аз. Сондықтан да шығар егде жастағы аталарымыз бен ересек ер адамдар легі осы бір әдемі ғимараттың ішін толтырып, әдемі әзіл, елең етерлік естеліктер айтып өзара мәре-сәре болуда. Бірегей құндылығымызды әлемге таныту мақсатында өткен мәдени мұраға татитын іс-шара ерекше әсерлі екендігі осыдан-ақ белгілі болғандай еді. Қазақстанның үш республикалық маңызы бар қала мен 17 облысынан келген мектеп оқушылары тоғызқұмалақтың рапид және блиц түрлерінен ойынды қыздырды. Чемпионатты Алматы қаласы спорт басқарма басшысы Ерден Рашидұлы ашып берді.

    Тоғызқұмалақ ойыны адамның ойлау жүйесін нығайтып, есте сақтау қабілетін шыңдайды, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.

    Әсіресе, Ұлттық және ат спорттары ассоциациясының президенті Исламбек Тілеубайұлы айтқан пікірлер көптің көңілінен шықты. Бұдан кейін Дүниежүзілік және Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменовтің жүрекжарды баяндамасын тыңдадық. Бангладеш, Венгрия, Испания, Колумбия, Қырғызстан, Латвия, Македония, Молдова, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкістан, Польша, Ресей, Румыния, Түркия, Чехия елдерінен келген тоғызқұмалақ ойнауға келген оқушылар мен жаттықтырушылары жарыстың ресми түрде ашылғанын жария етіп, Қазақстанның әнұранын ұйып тыңдады. Ал, үлкен әсем ғимаратқа жиналған Алаш жұрты «Менің Қазақстаным» деп ән шырқап, толқып кетті.

    Он жеті мемлекеттен келген спортшыларды қарсы алу салтанаты керемет көрініске ие болды. Сөйтіп, жарыстың халықаралық дәрежедегі төрешілерімен танысудың да сәті түсті. Әлем чемпионатының алғашқы жүрісін жасауға Алматы қаласы спорт басқарма басшысы Ерден Хайруллин, екінші отауға Мәжіліс депутаты Мұрат Абдулламиұлы, үшінші отауға Дүниежүзілік және Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Мұхамедияұлы, төртінші отауға Ұлттық спорт ассоциациясының президенті Исламбек Салжанов, бесінші отауға Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Рауф Өзген, алтыншы отауға Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Хасенұлы, жетінші отауға «Республика» партиясының аппарат жетекшісі, республикалық тоғызқұмалақ федерациясының қамқоршылар кеңесінің мүшесі Бақытбек Хамит, сегізінші отауға Алматы қаласы мәслихатының төрағасы, республикалық тоғызқұмалақ федерациясының қамқоршылар кеңесінің мүшесі Мейіржан Батырбекұлы, тоғызыншы отауға  Бангладеш этноспорт федерациясы президенті, дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мұхаммед Аль-Мамун келді. Тоғызқұмалақтан хабары бар адам осы ойынның 9-9 отаудан тұратынын біледі. Одан әрі де тоғыз отауға шетелдік жаттықтырушылар келіп, ойынды бастап кетті. Төрт күнге созылатын ұлттық ойынымыздың мәні де маңызы да терең.

    Ақтөбе облысынан келген Балнұр Тілегенова (№5 мектеп), қызылордалық Махмұтжан Әзімжан, Семей қаласының №37 мектеп-гимназиясының оқушысы Аяна Исаханмен тілдесіп, олардың тоғызқұмалаққа тыңғылықты әзірліктерін байқадық. Ал, Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданынан келген Нұрберген Түсіпқали, Бейбарыс Жолдасқали, Нұрәлі Арматұлы ойынды қыздыруға дайын екендіктерін қуана жеткізді. Мені әсіресе Ресейдің Алтай өлкесіндегі Қосағаш ауданынан келген Амира Матаеваның ұлттық қазақы киім киіп, таза қазақ тілінде сөйлеуі менің назарымды бірден аударды. Алтай өлкесінде де қазақтың қантамыры соғып жатқанын жүрегім сезді, соған қуандым. Ұлттық отанымызды ұмытпаған ұрпақтар сабақтастығы жанымды нұрландырды.

     

    Нұрлан ҚҰМАР,

    АЛМАТЫ  

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *