Бүгін Астанадағы Alau мұз сарайында жекелей дистанцияда конькимен жүгіру спортынан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Чемпионат 2023-2024 жылдар аралығындағы жарыс маусымына спортшыларды іріктеу туринирі саналады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ересектер, халықаралық жарыстарға, Әлем кубогының кезеңдеріне, сондай-ақ Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алады.
Чемпионаттың ашылу салтанатына туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысып, турнирге келген спортшыларды құттықтады, жарысты ұйымдастыруға атсалысқандарға алғыс білдірді.
Чемпионатқа еліміздің 7 облысынан 183 спортшы қатысады. Олар — Абай, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, СҚО мен ШҚО және республикалық маңызы бар екі қала – Астана мен Алматының спортшылары.
Коньки жарысы — қысқы спорттың басым түрлерінің бірі саналады. Сондықтан да біздің министрлік оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырумен, қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етумен, сондай-ақ Қазақстанда халықаралық және республикалық жарыстарды ұйымдастырумен және өткізумен белсенді айналысып келеді. Спортшыларымызға жарқын жеңістер тілеймін, — деді туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Қысқы Олимпиадада барлығы 114 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Конькимен жүгірушілердің ұлттық федерациясына кіретін спорт түрлері- шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және конькимен сырғанау спорты бойынша 28 медаль жиынтығы қарастырылған.
ФОТО: Туризм және спорт министрлігі