Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан IV Азия Пара ойындарында Қазақстан спортшылары бір алтын және бір қола медаль иеленді.
Диас Кенжебек жүзуден алтын медаль иегері атанды. Ол 100 м қашықтықты 1 минут 05:42 секундта жүзіп өтіп, Азия және Азия Пара ойындарының рекордын жаңартты.
Одан кейін пара велоспорттан Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болды.
Тас жолдағы пара веложарыс топтық сайысында ұлттық құрама спортшылары Кенжеғұл Сейітжан мен Антон Лаврентьев мәреге үшінші болып жетті. Олардың уақыт көрсеткіші — 1:42:52.
Алтын медальді Оңтүстік Корея құрамасы (1:35:27), ал күміс жүлдені индонезиялық пара велоспортшылар (1:42:52) иеленді.
Бүгін пара волейболдан құрама команда финалға шықты.
Волейболды отырып ойнаудан Қазақстанның ерлер құрамасы жартылай финалда Қытай командасымен алаңға шығып, 5 партияда 25:22, 25:19, 22:25, 16:25, 15:13 есебімен жеңіске жетті.
Енді финалда бас жаттықтырушы Бауыржан Тахауовтың шәкірттері Иран жасағымен бас жүлдені сарапқа салады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
ФОТО: Туризм және спорт министрлігі