• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Саил Сабиров

    Астанада кәсіпқой бокс кеші өтеді

    Астанада 15 желтоқсанда Халықаралық бокс федерациясының ұйымдастыруымен  кәсіпқой бокстан «Чемпиондар кеші»  өтеді. Кеште сегіз жекпе-жек болады. Оған ұлттық құраманың үздіктері қатысады.

    51 келіде әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай, 57 келі салмақта тағы бір әлем чемпионы Махмұд Сабырхан шаршы алаңға шығады. Орта салмақта Ертуған Зейнуллинов, Дулат Бекбауов пен ұлттық құрама команданың капитаны Асланбек Шымбергенов қолғап түйістіреді.

    Сонымен бірге Бекзат Нұрдәулетов пен Нұрбек Оралбай жұдырықтасады. Олардың қарсыластары да мықты. Бұл жекпе-жекке құрлықтық және әлемдік додаларда топ жарып жүрген боксшылар таңдалған. Мәселен, Бекзат Нұрдәулетов ресейлік Никита Зоньмен күш сынасады.

    Жекпе-жек тізіміне Данияр Елеусінов та қосылған. Әзірше оның қарсыласы белгісіз. Жекпе-жектер 3 минуттан тұратын 6 раундқа созылады.

    Жеңімпаз 10 000 долларға алады. Ал жеңілген боксшыға 5000 доллар беріледі.

    Бұған дейін кәсіпқой бокстан турнир ұйымдастыру туралы мәселені боксшы Қанат Ислам көтерген еді. Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бокс кештерін өткізуге көмек сұраған болатын.

    Спортшы Instagram-да жариялаған видеосында елімізде соңғы үш жылдан бері бірде-бір рет кәсіпқой бокстан жекпе-жектердің болмағанын, сол себепті мемлекет басшысынан бокс кешін ұйымдастыруға көмек сұрайтынын айтты. 15 желтоқсанда Астанада болатын бокс кешіне Қанат Исламның қатысы жоқ. Бұл кешті Халықаралық бокс федерациясы өткізеді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *