Жартылай орта салмақта UFC чемпионы тегі Ямайкадан шыққан ұлыбританиялық Леон Эдвардс келесі қарсыласының атын атады. Ол Шавкат Рахмоновпен жекпе-жекке келісімін берді.
17 желтоқсан Лас-Вегастағы UFC 296 турнирінде Эдвардс америкалық Колби Ковингтонды (17-4) жеңіп, титулын қорғап қалды. Оның келесі қарсыласы америкалық Белал Мухаммад (23-3) болуы мүмкін. Ал одан кейін ол Шавкат Рахмоновпен жекпе-жекке шыққысы келетінін айтты.
Маған десеңіз бар ғой, кіммен жекпе-жекке шығатыным бәрібір. UFC не шешесе, сол болады. Шавкат та болуы мүмкін. Егер онымен жекпе-жек болса, октагонда нағыз төбелес болады. Мен айқасқа бірімен шыға беремін. Қазір Леон Эдвардстың заманы, — деді ол TNT Sports арнасына берген сұхбатында.
Рахмонов та 17 желтоқсанда америкалық Стивен Томпсонды жеңгеннен кейін UFC чемпионы болғысы келетінін жасырмады. Қазір Шавкат та 18 жеңіс бар. Ол 18 жекпе-жектің бәрін жеңген. Ал Эдвардс 23 рет жеңіп, 3 рет жеңілген. Ол рейтингте 4-орында тұр. Ал Рахмонов Томпсонды жеңгеннен кейін 3-орынға шықты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА