Теннисші Елена Рыбакина биылғы жылды жеңіспен бастады. Ол Аустралияның Брисбен қаласында өтіп жатқан Brisbane International WTA 500 турнирінде жарысты екінші айналымнан бастап, корт иесі Оливия Гадекиді жеңді, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Бірінші партияда Рыбакина брейк жасап, 6:4 есебімен аяқтаса, екінші сетте қарсыласынан 6:1 есебімен айласын асырды.
Бұл матч бір сағаттан астам уақытқа созылды. Осы уақытта Рыбакина 4 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Турнирдің жүлде қоры — 1, 736 763 доллар. Енді Рыбакина 1/8 финалда ширек финалға шығу үшін әлемнің 30-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенспен немесе рейтингіде 44-орындағы америкалық Слоан Стивенспен кездеседі.
Рыбакинадан басқа Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 54-ракеткасы Анна Данилина Жаңа Зеландияның Окленд қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты.
Ол жарыстың екінші ракеткасы болып тіркеліп, словакиялық Виктория Грунчаковамен бірге ширек финалда қытайлықтар Юань Юэмен және Сю Ванмен ойнады. Бірінші партияда қазақстандық-словакиялық жұп брейк жасап, сол басымдығын сақтап қалды. Есеп — 6:4.
Екінші сетте қытайлық дуэт 3:1 есебімен алға шыққанымен, мәселе тай-брейкте шешілді. Онда Данилина мен Грунчакова 7:6 (8:6) есебімен жеңді. Енді Анна Данилина мен Виктория Грунчакованың жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Жібек Құламбаева жұптық сында Таиландтың Нонтхабури қаласында жалауын көтерген ITF турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева грекиялық Сапфо Сакелларидимен бірге индонезиялық Беатрис Гумуля мен жапониялық Рина Сайгодан 6:4, 6:3 есебімен басым түсті.
Жібек Құламбаева мен Сапфо Сакеллариди дуэті жартылай финалға шығу үшін Польша өкілі Майя Хвалиньска мен жапониялық Юки Наитомен кездеседі.