15 қаңтарда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында IV қысқы жастар Олимпиадасына қатысатын спортшыларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтеді.
Салтанатты рәсімде шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан мен конькимен жүгіру спортының өкілі Кристина Шумековаға еліміздің мемлекеттік туы тапсырылып, спортшылар ант береді. Олар еліміздің көк байрағын Олимпиаданың ашылу салтанатында «Мемлекеттер шеруі» кезінде ұстап шығады.
Спортшылар жарыстардағы үздік нәтижелері үшін ғана емес, халықаралық аренадағы жеңіске деген жігері үшін таңдалды.
Кристина Шумакованың жасы 18-де. Ол – конькимен жүгіру спортынан Қазақстан Республикасының спорт шебері, өзінің жас санатындағы Қазақстан чемпионы, 2023 жылғы Әлем Кубогының күміс жүлдегері.
Ерасыл Шыңғысханның жасы 17-де. Ол – шорт-тректен спорт шеберіне кандидат, өзінің жас санатындағы Қазақстан чемпионы. Сонымен бірге «Азия балалары» 2023 халықаралық жарысының күміс жүлдесін жеңіп алған.
Жиынға туризм және спорт министрі, Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылары, спорт ардагерлері мен Олимпиялық ойындардың жүлдегерлері қатысады.
IV қысқы жастар Олимпиадасы 19 қаңтардан 1 ақпанға дейін Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында болады. Азия құрлығында алғаш рет ұйымдастырылып жатқан жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасына әлемнің 50 елінен 1 800 спортшы қатысады деп жоспарланған. 7 спорт түрінен (15 бағдарлама) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасының 42 спортшысы 5 спорт түрі бойынша бақ сынайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА