Бүгін Астанада Қазақстан бокс федерациясының жылдық дәстүрлі жиыны болды. Жиында федерацияның жаңа президенті болып Шахмұрат Мүтәліп сайланды, деп хабарлады федерацияның баспасөз қызметі.
Ол бұл қызметте Кеңес Рақышевті алмастырды. Жиында қауымдастықтың бұрынғы басшысы Кеңес Рақышев өзі басшылық еткен төрт жылда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, әріптестеріне, бокс жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
Федерацияның жаңадан сайланған президенті Шахмұрат Мүтәліп бұл қызмет өзіне артылған зор сенім әрі үлкен жауапкершілік екенін айтты. Сондай-ақ, дауыс берушілерге алғысын білдіріп, қазақ боксын дамыту, әлемдік деңгейдегі беделін көтеру жолында бар күш-жігерімен қызмет ететінін жеткізді.
Маған жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, Қазақстан боксын әрі қарай дамытуға, спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың мүддесін қорғауға, ҚБФ ролін ел ішінде және халықаралық деңгейде арттыруға бар күшімді саламын.
Биылғы маңызды додалар қарсаңында команданың алдында үлкен бір мақсат тұр. Өз тарапымыздан дайындыққа қажетті барлық жағдайды жасауды жалғастыра береміз. Бірлесе еңбек ету арқылы отандық бокстың әлемдік аренадағы беделін нығайта түсеміз.
Бокс – біздің ұлттық спортымыз. Қазақстан бокс федерациясының тізгінін ұстау мен үшін абыройлы да, жауапкершілігі зор міндет. Ел боксының туын түсірмей, қазақ боксын әлемге асқақтата беру үшін тағы да бар күш-жігерімді салатынымды айтамын.
Париж Олимпиадасына іріктеу турнирінің қарсаңында команданың алдында жалғыз мақсат тұр. Бүгінге дейін қолға алынған жұмыстарды жалғастырып, дайындыққа бар күшімізді саламыз деген ойдамын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірлесіп жұмыс істесек, алға қойған мақсаттарға жетерімізге сенімдімін, — деді Шахмұрат Мүтәліп.
Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысы Казцинк ауылында туған. Экономика ғылымдарының магистрі, Куала-Лумпурдағы (Малайзия) Азия-Тынық мұхиты университетінде (APU) білім алған. Кәсіпкер, «Integra Construction KZ» ЖШС иегері. Үйленген, 3 баласы бар.