• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Туризм және спорт министрлігі

    69 лицензиялық жарыс қалды – Олимпиадаға дайындық штабы

    Қазақстан спортшыларын жасөспірімдер Олимпиадасына бастап барған делегация мүшелерінен жасақталған Олимпиадаға дайындық жұмыстарына арналған штаб өз жұмысын одан әрі жалғастырып жатыр, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.

    Бүгін штаб жазғы Олимпиада мен Паралимпиадаға дайындықты бастады. XXXIII жазғы Олимпия ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Төртжылдықтың басты додасына әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Париждегі додада 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

    Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында спорттың 8 түрінен Париж Олимпиадасының 19 лицензиясы бар. Спортшылар садақ атудан  — төрт, велошосседен — үш, нысана көздеуден  — бес, қазіргі бессайыс пен бокстан екі-екіден, грек-рим күресі, еркін күрес пен спорттық гимнастикадан бір-бір лицензияны жеңіп алды.

    Олимпия ойындарына дейін 69 лицензиялық жарыс қалды. Оның ішінде 5 әлем чемпионаты, 7 Азия чемпионаты және 57 рейтингтік турнир бар.

    Биылғы жылдың басты жарысы бұл — Париждегі жазғы Олимпиялық ойындар. Штабтың алдағы мақсаты – халықаралық турнирлерде спортшылардың сәтті өнер көрсетуіне жағдай жасау және мүмкіндігінше көп лицензияны жеңіп алу. Құрама көшбасшылары әр спорт түрінің ерекшелігі, спортшының қажеттілігі, медициналық-биологиялық тұрғыда қамтамасыз етілгені, оның ішінде физиотерапия, оңалту мен жарақаттардың алдын алу, психологиялық қолдау және жарысқа дайындық кезінде күйзелісті жеңу сияқты жағдайлар ескерілген жеке жоспар бойынша дайындалады. Сонымен қатар штаб спортшылар мен делегация мүшелерін керек-жарақпен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып жатыр, — деді Олимпиадаға дайындық жөніндегі штаб басшысы Елсияр Қанағатов.

    Штаб –Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерацияларының Олимпиадаға бірігіп жұмыс істеу үшін құрылған уәкілетті орган. Оның негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету.

    Штаб барлық кешенді жарыстар аяқталғанға дейін тұрақты негізде жұмыс істейтін болады.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *