7 ақпанда JORYQ ат спорты федерациясының жетекшісі Бақытжан Тұрлыбеков Түркияның Қазақстандағы елшісі Мустафа Капуджумен кездесті, деп хабарлады halyq-uni.kz.
Әңгіме кезінде әлемде теңдесі жоқ «Ұлы дала жорығы» жобасы туралы сөз қозғалып, 2024 жылы Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен алғаш рет халықаралық деңгейде өткелі тұрған марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
«Ұлы дала жорығы» халықаралық дүбірлі додасының V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында өтетін маусымына арнайы Ботай (СҚО) — Бозоқ (Астана) бағыты таңдалып алынуы терең мазмұнға ие. Кемінде шетелдік 15 команда бақ сынайтын айтулы бәйгенің жалпы қашықтығы 400 шақырым болады.
Марафон-бәйгенің Ботайдан басталуының басты бір себебі – ғалымдардың зерттеуінше адам баласы жылқы малын дәл осы жерде алғаш рет қолға үйреткен деп есепетелінеді. Ал, Астана қаласының түбіндегі Бозоқ қалашығы VIII–X ғғ. көне түркілердің киелі мекені болып саналады.
Сонымен қатар, Бақытжан Тұрлыбеков Мустафа Капуджуға Түркияның ат спортына жауапты мекемелермен тығыз байланыс орнатуға және алда өтетін марафон-бәйгенің ұйымдастыру жұмысына елшілік тарапынан ерекше назар аударуын сұрады.
Мустафа Капуджу JORYQ ат спорты федерациясының бастамаларына өз деңгейінде қолдау көрсетуге әзір екендігін білдірді.
JORYQ ат спорты федерациясы былтырғы жылдың желтоқсан айында Ұлттық спорт қауымдастығына енді. Қазір Ұлттық спорт қауымдастығының құрамында Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Тоғызқұмалақ және JORYQ федерациясы бар.
JORYQ федерациясы – «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін ұйымдастырушы.