Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев Францияның Париж қаласында өткен 2024/25 жылғы UEFA Ұлттар лигасының жеребесінде қиын топқа түскенін мойындады.
Қазақстан В лигасында Аустрия, Норвегия, Словения құрамаларымен бірге бір топқа түсті. Олар үшінші топта ойнайды.
Бас жаттықтырушының айтуынша, Қазақстан үшінші топта мықты қарсыластармен күш сынасады. Дегенмен ұлттық құрама бәсекенің қиын болатынына қарамастан әрбір ойынды жеңу үшін алаңға шығады.
Қиын топқа түстік. Оны мойындаймын. Бірақ тобымыз қиын екен деп қол қусырып отырмаймыз ғой. Сол үшін әрбір мачты жеңу үшін ойнаймыз. Иә, қарсыластар оңай емес. Түсінемін. Десек те Холанд, Алаба секілді ойыншылар келсе, біз үшін мойнымыздағы жауапкершілік артады. Ал Словениямен есебіміз бар. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Словениядан есені қайтару керек, — деді ол.
Әзірше Адиевтің жеребе туралы ойы осы.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы жеребе тарту рәсімінен бұрын төртінші қоржынға орналастырылған еді. Бұл қоржында Грузия, Түркия мен Люксембург командалары болды. Содан кейін жеребе тартылғанда үшінші топқа топ ете түсті.
Ұлттар лигасының топтық кезеңінің жаңа маусымы қыркүйек айында басталып, қарашада аяқталады. Нақтырақ айтсақ, топтық кезеңнің матчтары 5 қыркүйек пен 19 қараша аралығында болады. Осы уақытта «Астана Арена» стадионы жөндеуге жабылса, ұлттық құрама Алматының Орталық стадионының көкмайса алаңына шығады.
Ойын кестесі кейінірек жарияланады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА