Теннисші Дмитрий Попко АҚШ-тың Наплес қаласында өткен ITF турнирінің жеңімпазы атанды.
Ол финалда дүниежүзілік рейтингіде 649-орында тұрған эквадорлық Андрес Андрадемен күш сынасып, оны 3:6, 7:6 (7:4), 6:4 есебімен жеңді.
Бұл екеуі жақында Палм-Коуст қаласындағы дәл осындай жарыстың финалында ойнаған еді. Сол кезде Попко қарсыласын 7:5, 1:6, 7:5 есебімен жеңген болатын. Енді эквадорлық теннисші Попкодан тағы да жеңілуге мәжбүр болды.
Бұл жолы эквадорлық спортшы матчты жақсы бастаған еді. Ол бірінші сетте 6:3 басым түсті. Одан кейін екінші сетте де 5:1 есебімен алға шығып, матчқа доп берді. Бұдан кейін Дмитрий Попко қатарынан бес геймді алды. Содан кейін тай-брейкте сәтті ойнап, 7:6 (7:4) есебімен айласын асырды.
Үшінші, шешуші партияда Попко 2:0, 3:1 есебімен алға шыққанымен, басымдығын сақтай алмады. Есеп 3:3 болып жатқанда ол тағы бір брейк жасап, есепті 5:3-ке жеткізді. Алайда матчқа доп бергенімен, сол мүмкіндігін пайдаланбады. Дегенмен ойынды брейкпен аяқтай алды. Қорытынды есеп – 6:4.
Матч өте тартысты және қызықты болды. Ол үш сағатқа жуық созылды.
Осылайша, Дмитрий Попко АҚШ-тың Флорида штатында қатарынан үш жарыстың жеңімпазы болды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА