Татарстанның Қазан қаласында 21 ақпанда басталған «Болашақ ойындары» жарысы аяқталды.
Оған 12-62 жас аралығындағы 2 мыңнан астам адам қатысып, цифрлық және классикалық спортты біріктіретін 21 инновациялық фиджитал дисциплиналары бойынша сынға түсті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Жалпы, алғаш рет ұйымдастырылған сайысқа жер-жүзінен келген елдердің 294 командасы қатысты. Турнирдің жүлде қоры 10 млн доллары болды.
Жарыстарға геймдев, эспорт, робототехника (дрон жарысы және робот шайқастары), кеңейтілген және виртуалды шындық, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект бойынша әзірлемелер кірді. Жалпы турнир 21 дисциплина бойынша (16 негізгі және 5 кеңейтілген бағдарламада) өтті. Оған 13 пән бойынша 48 отандасымыз қатысты. Барлығы 236 спортшы алғашқы «Болашақ ойындарының» жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Олардың арасында Ресей, Қытай, Үндістан, Беларусь, Оңтүстік Корея, Испания, Уругвай, Филиппин, Аргентина, Эквадор, Колумбия спортшылары болды. Қазақстан спортшылары да ойында жақсы қырынан көрініп, «Болашақ ойындарынан» түрлі дисциплиналардан медальдар жиынтығын жеңіп алды.
Қазақстандықтар жақсы нәтиже көрсетті. «Болашақ ойындарына» қатысып, өте пайдалы тәжірибе алдық. Біз Қазақстандағы киберспорт инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруді жалғастырамыз. Өзіміздің киберспортшыларымыздан тағы да жеңістер мен қызықты да тартысты ойындар күтеміз, — деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Ойындар кезінде xGOD командасының құрамында бес отандасымыз өнер көрсетті. Counter-Strike 2 ойыны мен лазертаг бойынша «Болашақ ойындары 2024» чемпионатында жеңіске жетті. Финалда xGOD ұжымы ресейлік LookingForOrg құрамымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Матч Inferno картасында 13:9 және Overpass картасында 13:11 жиынтық ұпаймен аяқталды. Бұл жетістік xGOD ойыншыларының жақсы дайындығы мен кәсібилігін көрсетті.
Қазақстандықтар 175 мың доллар жүлдені жеңіп алды.
Сонымен қатар, отандастарымыз Dota2 бойынша әр түрлі халықаралық командалар құрамында ¼ финалға шықты. Қазақстаннан барған фиджитал-хоккейшілер (Cyber Barys) 1/8 финалға жолдама алды. Young командасының жаттықтырушысы Алим Рахметов өз командасын бірінші орынға жетелеп, оның командасы 87,5 мың долларды жеңіп алды. «Танктер әлемі» дисциплинасында Rise командасының ойыншысы Станислав Штыренко 1/4 финалға дейін жетті. Оның командасы турнирге қатысқаны үшін 30 мың доллар алды. Absolute командасының мүшесі Әділ Елдосов Standoff дисциплинасының жеңімпазы атанды. Оның командасы 87,5 мың доллар тапты.
Біздің Counter-Strike ойыншыларымыз әлемдік аренада бұрыннан бері жанкүйерлерді қуантып келеді. Отандастарымызды жеңісімен құттықтаймыз! Мұндай жүлде қоры шын мәнінде киберспорт әлемі үшін елеулі награда болып саналады, — деді Қазақстан киберспорт федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев.
Қазақстанда киберспорт инфрақұрылымы 2018 жылдан бастап қарқынды дамып келеді. Содан кейін бұл дисциплина алғаш рет ресми спорт түрі болып танылды. Ал жазда Киберспорт федерациясы құрылды. Содан бері елде жүздеген турнирлер, соның ішінде бірқатар халықаралық турнирлер жалауын көтерді.