Қазақ спорт журналистикасының мәуелі бәйтерегі, қазақ спорт комментаторлық қызметінің іргесін қалаған жанның бірі, өз саласының қамшы салдырмас саңлағы болған, ардақты ағамыз, ой кемел, айтары байтақ жаны жайсаң асыл ұстазым Рабат Жәнібеков бақилық өмірге аттанып кетті.
Аяулы ағамның қазақтың комментаторлық мектебінің дамуына қосқан үлесі шексіз еді. Өзінің футбол жүргізіп отырғанда қиыннан қиыстырып қолданатын тапқыр сөздерімен миллиондаған көрермендерін баурап алатын айырықша қасиетін қалай ғана ұмытамыз. Рабат ағамыздың орайы келгенде ойдан шығара салып айтқан орамды сөз тіркестері бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалды. Қанша рет ауылға апарып қонақ еткенімде, әке-шешеммен қуана қауышып таңды таңға атырып әңгімелесуші еді жарықтық.
Өзі әңгімешіл, білімі терең болатын. Әкем марқұм маған: «Балам Рабатты ауылға, үйге жиі әкеліп тұршы, өзін сағынып қалам», деуші еді. Қайран ағам бақыл бол! Жаннаттан жаныңыз жай тапсын! Сізді ешқашан ұмытпаймыз! Алдыңыз пейіш артыңыз кеніш болсын асыл аға!
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ