• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Instagram.com/qaz_olympics/

    Лицензиялық турнир: Қазақстан боксшылары келесі айналымға шықты

    Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде 51 келіде сынға түсіп жатқан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов пен 92 келідегі Айбек Оралбай жеңіске жетті.

    Бибосынов 1/16 финалда Кения спортшысы Дэвид Каранжа Мачарияны төрешілердің бірауыз шешімімен жеңді. Қазақ боксшысы бірінші раундтан бастап тізгінді уысында ұстап, қарсыласын оңай жеңгенмен, жекпе-жекте қателіктің болғанын жасырмады.

    Ауыр салмақтағы боксшымыз Айбек Оралбай да лицензиялық турнирді жақсы бастады. Ол Үндістанның тәжірибелі боксшысы, Азия чемпионы, екі мәрте әлем чемпионатының ширек финалисі Санжит Санжитті 1-раундта барынша аңдып, 2-раундтан бастап жойқын соққылар жасап, төрешілердің басым дауысымен жеңіске жетті.

    Енді бүгін Айбек Оралбай Оңтүстік Корея елінің өкілі ХаНеул Жангпен жұдырықтасады.

    Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов турнирде боксшылардың бар күшін салып жатқанын айтты.

    Жігіттер рингке ынта-жігермен шығып жатыр. Осы турнирге барлық боксшы Олимпиада жолдамасына үмітпен келіп отыр. Сондықтан оңай болып жатқан жоқ. Біз әртүрлі бокс мектебін көріп отырмыз. Ал жігіттер мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін салып жатыр. Алла қаласа, елді қуантып қайтсақ деген сенім бар, – деді ол.

    Сөйтіп, ерлер құрамасының боксшылары толығымен лицензиялық турнирдегі алғашқы айқастарын өткізді. Кейбірі екінші кездесулеріне де шығып үлгерді.

    Әйелдер арасында 54 келідегі тәжірибелі спортшымыз Жайна Шекербекова 1/16 финалда Нигерия өкілі Шукура Каримге есе жіберді.

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *