• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    JORYQ федерациясы

    Астанада Ботай жылқысына ескерткіш қою және ашық аспан астындағы музей ашу ұсынылды

    Астанада 13 наурызда республикалық JORYQ ат спорты федерациясы мен Астана қаласы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы арасында меморандумға қол қойылды, деп хабарлады қала әкімдігі.

    Құжатқа республикалық JORYQ ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков пен Астана қаласы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов қол қойды.

    Меморандум 14 тармақтан тұрады. Ол екі федерация арасындағы әріптестікті, ынтымақтастықты нығайтуды және ат спортын дамыту мен танымалдығын арттыруды көздейді.

    Атап айтқанда, тараптар бірлесе отырып ат спортын тиімді дамытуға бағытталған бастамаларына қолдау көрсетуге, Қостанай және Адай жылқыларының тұқымын, жылқы малының қолға алғаш үйретілген Ботай мәдениетін насихаттау кезінде бірігіп жұмыс істеге келісті.

    Тараптар Астана қаласының шағын саябақтарының бірінде Ботай жылқысына ескерткіш орнату және қоғамдық кеңістікті сол тақырыпта абаттандыру мен Астана қаласында ашық аспан астында Ботай мәдениетінің музейін ұйымдастыру бойынша бірлесіп жұмыс атқаруды да жоспарлап отыр.

    Сонымен қатар, екі федерация ат спортына үлес қосқан азаматтарды жыл сайын қошеметтеу және марапаттау салтанатты шарасын ұйымдастырып, жоғары оқу орындарымен бірлескен шаралар өткізуді мақсат етеді.

    Оған қоса қазақ жылқысын, оның қазақ тұрмысы мен мәдениетіндегі орнын насихаттау жолында Астана қаласындағы театрлардың бірінде арнайы қойылым көрсету бойынша бірлескен жұмыс та қолға алынады.

    JORYQ республикалық ат спорты федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Одан бөлек, Қауымдастық құрамында Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Тоғызқұмалақ сияқты федерациялар бар.

    Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation Қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *