• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Шамкен Байырбек

    Таеквондошы Абабакиров Олимпиада лицензиясын алды

    Таеквондошы Самирхон Абабакиров (58 кг) Қытайдың Тайань қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болды.

    Жартылай финалда ол Филиппин өкілі Курт Бриан Барбосаны айқын басымдықпен жеңді.

    Ұлттық құраманың спортшысы екі раундта ірі есеппен жеңіске жетті. Есеп – 2:0.

    Оған дейін Самирхон Абабакиров Нұрхан Самидиновты (Қырғызстан), одан кейін Танакрит Йодракты (Таиланд) жеңген болатын.

    Бұл — таеквондодан ұлттық құраманың Париж Олимпиадасына алған екіншісі жолдамасы. Бұдан бұрын Батырхан Төлеуғали (-80 кг) алғаш болып лицензияны иеленген еді.

    Өкінішке қарай, жолдамаға таласқан аса ауыр салмақтағы Жансель Дениз (+67 кг) Мунира Абдусалимовадан (Тәжікстан) жеңіліп қалды.

    Осы турнирге үш жолдама аламыз деп келгенбіз. Қолға түскені екеу болды. Бір қуаныштысы Парижге қос жас таеквондошымыз барады. Батырхан шілдеде 18-ге, Самирхон қыркүйекте 21-ге толады. Жыл өткен сайын ұлттық құрама сапына көптеп жастарды тартып келеміз. Біз тәжірибелі Жансель Денизден лицензия күткенбіз. Алайда ол қарсыласынан жеңіліп қалды. Жансель Испанияда өткен 12 күндік халықаралық оқу-жаттығу жиыны кезінде тізесінен жарақат алған. Екі жекпе-жек кезінде соның салдары көрініп тұрды, — деді Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Олжас Беспаев Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

    Азияның шешуші турниріне 33 елден 96 атлет қатысты. Мұндағы жекпе-жектер кезінде бұра тарту болмас үшін Еуропа, Африка және Оңтүстік Америкадан келген төрешілер қызмет етті. Олар енді пара таеквондодан лицензиялық турнирде жұмысын жалғастырады.

    Жалпы, Қазақстан құрамасы 2004 жылдан бері тұрақты түрде Олимпиадаға таеквондошы апарады. Афинада ел намысын тек Әділхан Сағындықов қана қорғаған. Содан кейін Бейжіңде Арман Шылманов пен Лия Нуркина, Лондонда Нұрсұлтан Мамаев, Гүлнафис Айтмұхамбетова, Феруза Ергешова сынға түсті. Ал Рио (Руслан Жапаров, Айнұр Есбергенова) мен Токиодағы ойындарда (Руслан Жапаров, Жансель Дениз) екі таеквондошымыз жүлдеге таласқан. Әзірге Қазақстан еншісінде Бейжіңдегі Арман Шылмановтың қола жүлдесі бар.

     

    Шамкен БАЙЫРБЕК,

    Тайань, Қытай

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *