Жапонияның астанасы – Токио қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында байдарка және каноэде ескек есуден Қазақстан құрамасы Олимпиаданың алты лицензиясын жеңіп алды.
Бұл көрсеткіш өзгеруі әбден мүмкін. Алда әлі екі жарыс күні бар.
Бүгін каноэде 500 метрге ескек есуде Қазақстан әйелдер құрамасы (Мария Бровкова, Руфина Искакова) чемпион атанып, жазғы Ойындарға жолдама алды.
Осыдан кейін байдаркада 500 метрге жарыста Қазақстан ерлер құрамасы (Бекарыс Раматулла, Сергей Токарницкий) мәреге бірінші жетіп, Париждегі кешенді жарыстың билетіне иелік етті.
Сәл ертерек каноэде 500 метрге жарыста Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.
Спорттың бұл түрінде жұптық сында лицензия алған екі ескекші Олимпиадада жекелей сында өнер көрсетеді.
Қазір Қазақстан делегациясында 14 спорт түрінен 39 лицензия (37 спортшы) бар.
Сондай-ақ бүгін Азия чемпионатында каноэде 500 метрге жарыста Ульяна Кисилева күміс, сосын, байдаркамен жарыста Ольга Шмелева мен Ирина Подойникова жұбы (500 метр) қола жүлдегер атанды. Осылайша, олар Олимпиялық ойындарға жолдама ала алмады.
Ал Олимпиада бағдарламасына кірмейтін қашықтықта Татьяна Токарницкая (байдарка, 200 м) мен Виктор Степанов (каноэ, 200 м) алтын медальге ие болды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА