Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өткен WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Теннисші финалда әлемнің 27-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен жеңімпаз атағын сарапқа салды.
Қарсыластар осыған дейін екі мәрте кездескен еді. 2023 жылы Аделаиде (Аустралия) турнирінде Костюк 6:7 (5:7), 6:2, 6:3 есебімен жеңсе, АҚШ ашық чемпионатында Рыбакина 6:2, 6:1 есе қайырған еді.
Бұл жолы Рыбакина матчты брейкпен бастады. Бұдан кейін есепті 5:2-ге жеткізіп, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ. Есеп 6:2 болды.
Екінші партияда да Рыбакина 2:0 есебімен алға шықты. Тағы бір брейк болды. Есеп — 5:2. Содан соң төртінші матчболын пайдалана алды. Екінші партияда Рыбакина қарсыласын 6:2 есебімен жеңді.
Бір сағат 9 минутқа созылған матчта отандасымыз эйс жасамағанымен, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Осылайша, Елена Рыбакина алғаш рет Штутгарт турнирінің жеңімпазы атанды. Ол 500 рейтингілік ұпайға қоса «Порше» автокөлігіне ие болды.