• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Зағип шахматшылардың республикалық сайысының жалауы желбіреді

    Таяуда Тараз қаласында зағип шахматшылар арасында жекелей Қазақстан чемпионаты аяқталды. Зағип шахматшылар екі топта: көздері мүлдем көрмейтін және әлсіз көретіндер жекелей ретте жарысты .

    Классикалық дәстүрлі шахматпен қоса биыл Рапид-жылдам шахмат түрінен де алғаш рет жарыс қатар өтті.

    Классикалық жарыс 9 ойынмен , ал Рапид-жылдам шахмат 7 ойын кездесуімен швейцар жүйесінде өткізілді .

    Бірінші топтағы көздері көрмейтіндер арнайы белгісі бар ойын тастарымен ойнайтын шахматшылардың классикалық жарыс қорытындысында ерлер арасында 7 ұпай жинаған Абай облысынан қатысқан Болат Қабыжанов жеңімпаз атанды . Ал 6,5 ұпаймен Жамбыл облысынан Абдурашит Әлімханов екінші, 6 ұпай жинаған астаналық Сәдуақас Тоқабаев үшінші орынды иеленді. Ерлер арасындағы Рапид сайысында 5,5 ұпай жинаған алматылық Мақсұт Жұмабеков бірінші рет рапидтен чемпион атанды (суретте чемпион М Жұмабеков). Ол бұрын да 2006 және 2022 жылдары дәстүрлі сайыста Қазақстанның чемпионы болған еді.

    Келесі орындарды 5 ұпай көрсеткішімен Абдурашит Әлімханов (Тараз) пен Болат Қабыжанов (Семей) екінші -үшінші жүлделерімен бөлісті .

    Көздері әлсіз көретін шахматшылар арасында классикадан түркістандық Қуанышбек Жұмадуллаев тоғыз мүмкіндіктен 8 ұпай жинап жеңімпаз атанды. Қарағандылық Мұрат Жүнісов екінші, ал Жетісу облысынан келген Юрий Бейбиков үшінші орында болды

    Рапид-жылдам шахмат сайысында да түркістандық Қуанышбек Жұмадуллаев жеті мүмкіндіктен 6,5 ұпаймен жеңімпаз атанса, Батыс Қазақстан облысынан келген Ерлан Нұрқаев екінші , Қызылорда облысынан Қадыр Жамалагин үшінші жүлдеге ие болды .

    Әйелдер арасында екі топтың шахматшылары бірігіп ойнады. Классикалық сайыста петропавлдық Айнагүл Тәшенова бірінші , тараздық Еңлік Игенбаева екінші , астаналық Майра Тоқабаева үшінші орынға ие болды .

    Рапид сайысында Еңлік Игенбаева (Жамбыл облысы) жеңімпаз атанса , Айнагүл Тәшенова (Солтүстік Қазақстан облысы) екінші , Майра Тоқабаева (Астана) үшінші жүлделі орындардан көрінді .

    Жеңімпаз атанған және жүлде алған шахматшыларға медальдар мен арнайы дипломдар табысталды .

     

    Бақдәулет ҚҰМАР,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *