13-18 мамыр аралығында Астанада бокстан «Елорда кубогы» турнирі болады. Оған қатысатын боксшылар анықталды, деп хабарлады Olympic.kz.
Турнирге ұлттық құраманың бірінші, екінші және үшінші нөмірлі спортшылары қатысады.
Олардың арасында Олимпиада жолдамасының иегерлері Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (81 кг), Айбек Оралбай (92 кг) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) бар.
Сондай-ақ, жарыста әлем чемпиондары Теміртас Жүсіпов (48 кг), Бекзад Нұрдәулетов (81 кг), әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Дулат Бекбауов (63,5 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет, Азия ойындарының қола жүлдегері Сағындық Тоғамбай мен Азия ойындарына қатысқан тағы бір былғары қолғап иесі Ертуған Зейнуллинов күш сынасады.
Аяқ астынан келеңсіз бір жағдай болмаса, Олимпиадаға жолдама алған барлық боксшы осы сынға қатысады. Себебі, бұл турнир соларға арналып өткізіледі. Қазір спортшылардың бәрі қатарда. Бұл Олимпиада қарсаңындағы дайындық турнирлерінің бірі, — деді бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов.
Турнирге жалпы есебі 60-қа жуық боксшы қатысады. Оған 9 елдің боксшылары келеді деп жоспарланып отыр.
Содан кейін ұлттық құрама команда 23 мамыр мен 6 маусым аралығында Таиландтың астанасы – Бангкок қаласында өтетін лицензиялық турнирге қатысады. Осы додада да жеңімпаз атанғандар Олимпиадаға жолдаманы алады.
View this post on Instagram