Қазақстан дзюдо федерациясы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Париж Олимпиадасына қатысатын спортшыны анықтау мақсатында іріктеу белдесудің болатынын хабарлады.
Іріктеу белдесуге олимпиадалық рейтингте үздік нәтиже көрсеткен балуандар Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов пен Мағжан Шамшадин қатысады. Олар Олимпиадаға қатысуға үміткер спортшылар тізіміне кіріп отыр.
Іріктеу белдесулері 7 маусымда ұлттық құраманың Алматы қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында болады.
Халықаралық дзюдо федерациясы мен Халықаралық Олимпиада комитетінің ережесі бойынша жазғы Олимпиялық ойындарға дзюдодан әр салмақтан әр елден тек бір спортшы ғана қатысады.
Іріктеу белдесулері туралы толығырақ мәлімет қосымша хабарланады.
Айта кететін бір нәрсе, лицензия Олимпиадаға жеңіп алған құқық, ал жолдама сол құқықты иеленген спортшыға беріледі. Жолдама Олимпиадаға лицензияны жеңіп алған адамға берілмейді. Ал бокста жолдама лицензияны жеңіп алған адамға ғана беріледі.