Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті 2020 жылғы Олимпиялық ойындарда ту ұстаушылар киген костюмді Ұлттық музейдің қорына табыс етті, деп хабарлады Olympic.kz.
Бұл — Халықаралық Олимпиада күнін атап өту аясындағы алғашқы іс-шара. Ұлттық Олимпиада комитеті бірегей киім үлгісін музейдің коллекциясына тапсырды.
Киім үлгісімен Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында Олимпиялық ойындар мен бокстан әлем чемпионатының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен еліміздегі ең танымал спортшы, жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Қазақстан құрамасын алып шыққан болатын.
Астанадағы іс-шараға Ольга Рыпакова қатысты.
Бұл шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Токио Олимпиадасында Қазақстанның көк туын көтеріп шығу мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік еді. Себебі, бүкіл елдің бет-бейнесі болғандықтан, бәрінің назары бізге ауды.
Біздің костюмдеріміз Токио ойындарында үлкен қызығушылық туғызды. Біздің киім үлгіміздің әдемілігі мен көркемдігі өзге ел өкілдері мен атлеттерін тәнті етті.
Ту ұстаушылардың костюмі қолмен кестеленген бірегей дизайнымен ғана емес, терең мағынасымен де ерекшеленді. Әрбір өрнектің өзіндік мәні бар. Енді бұл костюмдердің Қазақстан Ұлттық музейінің қорына өткені қуантып отыр. Өйткені, музейге келген әрбір адам біздің елдің Олимпиадаға қатысу тарихымен таныса алады.
Халықаралық Олимпиада күнінің қарсаңында өскелең ұрпақты олимпиадалық спорттық қозғалысқа мейілінше көбірек тартудың маңыздылығы зор, — деді Рыпакова.
Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева спортшылардың жетістігін айтты.
Бүгін Ұлттық музей қорына біздің елімізде әлемдік аренада танытқан спортшылар, Олимпиялық ойындардың жүлдегерлері Ольга Рыпакова мен Қамшыбек Қоңқабаевтың киім үлгісі табыс етілді. Елімізде осындай мықты спортшылар мен ғажап тұлғалардың барына мақтанамыз. Ұлттық музей қоры ұлттық нақыштағы тамаша туындылармен толықты, — деді ол.
Ту ұстаушылардың костюмдері арнайы ҰОК-тың тапсырысы арқылы тігілген әрі айрықша үлгісімен ерекшеленеді.
Киімді тігу жұмысына Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының мамандары атсалысса, безендіру және тігу жұмыстарына белгілі алматылық модельер Виолетта Иванова тартылды.
2022 жылғы Олимпиялық ойындардың ту ұстаушылары Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдованың киім үлгісін Қазақстан ҰОК Лозаннадағы Олимпиадалық музейге табыс еткен болатын.