• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    uefa.com

    Футболдан ЕЧ: Грузия құрамасы алғаш рет алаңға шығады

    Бүгін Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де футболдан Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Грузия ұлттық құрамасы тәуелсіздік алған кезден бері алғаш рет халықаралық доп додасында алаңға шығады.

    Сакартвело елінің командасы F тобында Түркия құрамасымен ойнайды.

    Кеңес Одағы кезінде Грузияның бірнеше футболшысы әлемге танымал болған. Мәселен, Борис Пайчадзе, Слава Метревели, Михаил Месхи, Владимир Гуцаев, Анзор Кавазашвили, Реваз Дзодзуашвили, Муртаз Хурцилава, Каха Асатиани, Гиви Нодия, Александр Чивадзе, Виталий Дараселия, Тенгиз Сулаквелидзе, Давид Кипиани, Рамаз Шенгелия, Автандил Гогоберидзе мен басқа да футболшыларды айтуға болады.

    Одақ тарқағаннан кейін де Шота Арвеладзе, Темури Кецбая, Кахабер Каладзе, Леван Кобиашвили, Георгий Деметрадзе, Зураб Хизинишвили, Михаил Кавелашвили, Георгий Немсадзе, Гоча Жамараули, Георгий Кинкладзе, Александр Иашвили, Леван Цкитишвили, Давид Сирадзе мен басқа да мықты грузин футболшылары шықты. Олар Еуропа клубтарында атой салып, ойын өрнегімен, шеберлігімен көзге түсті.

    Грузия құрамасы осы кезге дейін әлем және Еуропа чемпионаттарының финалдық турнирлеріне қатыса алмай келді.

    1996 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде құрама 10 ойыннан 15 ұпай жинап, үшінші орын алды. Осы жетістігін 2002 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде де қайталады. Бұл жолы 8 ойыннан 10 ұпай жинады.

    Енді, міне Кеңес Одағы кезінде талай талантты ойыншылармен танылған грузин футболы тағы да футболдың үлкен сахнасына шықты. Грузия құрамасы биылғы Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысатын болады.

    Бұл додаға Сакартвело елінің командасы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінен жолдама алды. Қазір Грузия құрамасында Кеңес Одағы кезінде әлемге танымал болған тума таланттардың ізбасарлары жоқ емес, бар. Мысалы, Хвича Кварацхелия ұлттық құраманың басты жұлдызы болып отыр. Бүгінде ол Италияның «Наполи» клубында ойнап жүр. Бұл клубта кезінде атақты аргентиналық Диего Армандо Марадона доп тепкен.

    Грузия құрамасында одан басқа да алаңдағы өз позициясын жақсы білетін, кез келген елдің командасымен иық теңестіріп бәсекелесе алатын футболшылар бар.

    Енді солардың бәрін бөліп-жармай, команданың құрама туралы айтсақ, Нрузияның Еуропа чемпионатына шақырылған жасағы мынадай:

    Қақпашылар: Георгий Мамардашвили («Валенсия», Испания), Георгий Лория («Динамо» Тбилиси), Лука Гугешашвили («Карабах», Әзербайжан).

    Қорғаушылар: Соломон Кверквелия («Әл-Ахдуд», Сауд Арабиясы), Гурам Кашия («Слован», Словакия), Георгий Гвелесиани («Персеполис», Иран), Лаша Двали (АПОЭЛ, Кипр), Лука Лочошвили («Кремонезе», Италия), Отар Какабадзе («Краковия», Польша), Жемал Табидзе («Панаитоликос», Грекия), Георгий Гочолеишвили («Шахтер», Украина).

    Жартылай қорғаушылар: Ника Квеквескири («Лех», Польша), Георгий Чакветадзе («Уотфорд», Англия), Сандро Алтунашвили («Вольфсбергер», Австрия), Георгий Кочорашвили («Леванте», Испания), Жаба Канкава («Слован», Словакия), Анзор Меквабишвили («Университатя», Румыния), Саба Лобжанидзе («Атланта Юнайтед», АҚШ), Зурико Давиташвили («Бордо», Франция), Отар Китеишвили («Штурм», Австрия), Леван Шенгелия («Панетоликос», Грекия).

    Шабуылшылар: Георгес Микаутадзе («Метц», Франция), Буду Зивзивадзе («Карлсруэ», Германия), Георгий Квилитая (АПОЭЛ, Кипр), Георгий Цитаишвили («Динамо» Батуми), Хвича Кварацхелия («Наполи», Италия).

    Бас жаттықтырушы – франциялық маман Вилли Саньоль.

    Бүгін кешке Грузия осы құраммен Анадолы елінің командасымен алаңға шығады. Одан кейін осы топтағы Португалия мен Чехия ойыншылары күш сынасады.

    Әзірше Еуропа чемпионаты басталғалы бері 10 ойын болды. А тобында Германия Шотландияны 5:1, Швейцария Мажарстан командасын 3:1 есебімен жеңсе, В тобында Италия Албаниядан 2:1, Испания Хорватиядан 3:1 есебімен басым түсті.

    С тобында Англия Сербияны 1:0 есебімен жеңсе, Словения мен Дания 1:1 есебімен тең тарқасты. D тобында Нидерланд Польшадан 2:1 есебімен айласын асырды. Бүгін түнде соңғы әлем чемпионатының финалисі Франция мен Австрияның ойыны1:0 есебімен аяқталды. Е тобында Румыния Украинаның қақпасына жауапсыз үш доп салды. Словакия мен Бельгияның матчында күтпеген нәтиже тіркелді. Бұл ойында словактар қарсыластарын 1:0 есебімен жеңді.

    Құрлықтық доданың ойындары Германияның Берлин, Дортмунд, Дюссельдорф, Майндағы Франкфурт, Гельзенхиркен, Гамбург, Кельн, Лейпциг, Мюнхень, Штутгарт қалаларында болды. Оған Англия, Аргентина, Германия, Испания, Италия, Нидерланд, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Түркия, Франция, Швейцария, Швеция елдерінің төрешілері шақырылған.

    Құрамалар мына топтарға бөлінген:

    А тобы: Германия, Шотландия, Мажарстан, Швейцария.

    B тобы: Испания, Хорватия, Италия, Албания.

    С тобы: Словения, Дания, Сербия, Англия.

    D тобы: Польша, Нидерланд, Австрия, Франция.

    E тобы: Бельгия, Словакия, Румыния, Украина

    F тобы: Португалия, Грузия, Түркия, Чехия.

    Чемпионаттың финалы 14 шілдеде болады. Оған дейінгі топтық кезең ойындары Астана уақытымен жоғарыда аты аталған телеарналарда сағат 18:00, 21:00, 00:00-де басталады. Құрлықтық додада 30 маусым мен 2 шілде аралығында 1/8 финал болса, 5-6 шілдеде ширек финал, 9-10 шілдеде жартылай финалда ойнайтын құрамалар алаңға шығады.

    Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін Германия (1972, 1980, 1996 ) мен Испания (1964, 2008, 2012 ) үш рет, Италия (1968, 2020 ) мен Франция (1984, 2000 ) екі рет чемпион атанған. КСРО (1960), Португалия (2016), Чехословакия (1976), Нидерланд (Голландия, 1988), Дания (1992) мен Грекия (2004) бір-бірден құрлықтың басты додасын жеңіп алған.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *