Жұрттың қыздары не жеп, Олимпиада чемпионы болады, осы. Былтыр Астанаға жарысқа келген косоволық Нора Гяковамен сөйлесіп, жақын таныстым.
31 жастағы Нора Гякова – дзюдодан Токио Олимпиадасының чемпионы. Әлем чемпионатында қола және Еуропа чемпионатында 1 алтын, 4 қола медальді алған. Еуропа ойындарында 1 күміс пен 1 қола жүлдесі және бар.
Косово Жапонияда өткен Олимпиадаға екі-ақ спортшы жіберген. Дистрия Красники мен Нора Гякова екеуі Токиода алтын медальді иеленген.
Тәуелсіздігін 2008 жылы алған Косово Токио Олимпиадасында туын екі рет желбіретіп, әнұранын екі мәрте шырқатқан. Біздікілер Токиоға 27 спорт түрінен 96 спортшы болып барып қатысып, туымызды желбірете алмады, әнұранымызды шырқата алмады.
Жұрттың қыздары алтын медаль алса, жерлестеріміз 8 қола жүлдені қанағат тұтты. Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болды. Әлі күнге дейін қазақ дзюдошылары бір алтын медаль да алмаған. Әйгерім Тоқсанбек айтқандай, «Олар дамып кетті. Біздер бір орында тұрып қалдық». Бірақ федерация басшыларына бәрібір сияқты?
Токио Олимпиадасында екі алтын жүлде жеңіп алған косоволық екі дзюдошы биыл Францияда өтетін Олимпиадаға қатысады. Кейде соларға қызығамын, әлі тұрмыс та құрмаған, бірақ Олимпиада чемпионы. Ал біздің қыздарымыз, Олимпиада былай тұрсын, әлем мен Азия чемпионатында құрмет тұғырының ең биік сатысына көтеріле алмай жүр.
Әйтеуір, ұлттық құраманың спортшылары әлем және Азия чемпионаты, Азия ойындары және Grand Slam турнирлеріне 15-20 немесе 30 палуанмен барып, 1 қола медальмен елге келеді. Бұл жүрісімізбен алтын жүлденің ауылы алыс секілді.
Айбек МҰХАНОВ,
Маңғыстау облысы