Түркияның Анталия қаласында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тарихында алғаш рет Дэвис кубогында бесінші орынға ие болды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Сергей Квак жаттықтыратын жасөспірімдер құрама командасы бесінші орын үшін ойында Франция құрамасымен кездесті.
Топтық бәсекеде отандастарымыз Франция жасағын 2:1 есебімен жеңген болатын.
Бұл жолы Дамир Жалғасбай бірінші ойында Фердинан Ливені 6:3, 6:4 есебімен жеңсе, екінші матчта Заңғар Нұрланұлы Муаз Куамеге 1:6, 2:6 есебімен есе жіберді.
Соңғы жұптық сында Дамир Жалғасбай пен Даниэль Тазабеков Муаз Куаме мен Даниэль Жадтан 6:3, 1:6, 10:5 есебімен басым түсті.
Өткен жылы командалық әлем чемпионатына тұңғыш рет жолдама алған Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 10-орынға іліккен еді. Бұл жолы көрсеткішін едәуір жақсартып отыр.