• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ауылдың абзал азаматына арналған аламан

    Ауылдағы қара домалақ балалардың спортқа деген құмарлығы қаншалықты екенін жақсы білеміз. Ауыл қазақтың алтын бесігі, күре тамыры болса, сол тұнықтан түлеп ұшып жатқан таланттардың шеберлігін шыңдай түсу жолында өңірлерде жарыстардың жиі өтуінің маңызы зор.

    Тәуелсіздік күніне орай еліміздің әр аймағында көптеген аламан жарыстар, ізгілікті шаралар ұйымдастырлып жатты. Солардың бірі Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында болып өтті. Еркін күрестен 2011-2012 және 2013-2014 жылғы кіші жасөпірімдер арасында өткен облыстық турнир ауыл спортының жанашыры, Кербұлақ ауданының азаматы, Құсайынов Сембек Тәукешұлының жүлдесіне арналған еді.

    Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың салиқалы саясаты жемісін беріп, қазіргі таңда елдегі ауыл спортына зор көңіл бөлініп келеді. Республиканың ауыл-аймақтарында спорт кешендері мен спорт мектептері салынып ауыл жастарының спортқа қызығушылығы арта түсті. Қаншама жылдар бойы тозығы жетіп тұралап қалған мәдени ошақтар мен спорт алаңдарының бойына қан жүгіріп, ауыл халқы еңсесін көтере бастады. Осыған тәубе деген артық болмас. Осындай ел спортының алған берекелі бағытына ауылдағы аузын ашса жүрегі көрінетін, елім, жерім деген спорт жанашырларының қосып жатқан үлесі де шексіз. Солардың бірі бірегейі Қызылжар ауылының тумасы Сембек Тәукешұлы Құсайынов. «Ауылыңнан алғыр шықса,атың озады, Ауылыңнан жаман шықса елің тозады», деген екен бабаларымыз. Ауылының қамын жеп, жанамын деген балаға от беріп, шабамын дегенге жігітке ат-берген ардақты азамат Сембек Тәукешұлының қанашама жылдар бойы ауылға сіңірген еңбегі еш кетпей, ел аузында ықыласпен айтылып келеді екен. Жоқтан барды жасап, ауыл таланттарынның қанатын қатайтып биікке ұшуына қамқорлығын аямай жүрген, ауыл спортының жанашырының атына арналған бұл жекпе-жекке Жетісу облысының барлық аудандары мен қатар Талдықорғандағы Ж.Үшкемпіров атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, Сарыөзектегі Балалар мен жасөпірімдер спорт мектебі, Алакөл ауданы, Лепсі ауылындағы Спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттан 300 жуық жасөспірім балуандар келіп жеңіс үшін бозкілемде барын салды.

    Балуандар ауыл ішінде ашылып отырған су жаңа спорт кешеніндегі күрес залында белдесті. Жаңа заман үлгісімен бой көтерген айтулы ғаламат спорт орны Әнуар Насанбеков, Бейбіт Түменбаев, Біржан Шакиров, Аманжол Асубаев пен Тасқын Курнеев сынды ауылдың спортқа жанашыр жандарының білек қосып, бірлесе жасаған жұмыстарың жемісі болса керек. Төртеу түгел болса төбедегі келеді деген осы емес пе.

    Сембек Тәукешұлы Құсайыновтың жүлдесіне арналған Жетісу облыстық турнирінің ашылуы да жоғары деңгейде жалауын көтерді. Қызылжар ауылының ақсақалдар алғасының төрағасы Баян Сырлыбаев ақсақал жалынды жас бота балуандарға ақбатасын бергененен кейін, еліміздің әнұраны ойналып, тартысты жекпе-жектер басталып кетті. «Жақсы келсе қой егіз туады», деп жатады демекеші, Қызылжар ауылына әкімі болып жаңадан сайланған Асылан Ерланұлы келгелі бері аяғы құт болды деп ауыл халқы жақсылықа жориды екен. Міне, хан сарайындай күрес залы салынып, ауылда медициналық амбулаторияның құрылысы бітіп ел саулығы жақсара түсіпті. Ынтымақ-ұйымынан деген, бірі бас, бірі қол, бірі қанат болған ауылдың аузын ашса жүрегі көрінетін, ақжүрек, ақкөңіл абзал азаматтарының арқасында спорт құмар балаларға енді зәулім күрес залы ашылып құт үстіне құт қонып отыр. Сонымен жаңадан тұсауы кесілген күрес залын ішінде өткен дүбірлі облыстық жарыста жеңіс үшін күнұзақ тер төккен балуандардың арасынан топжарып тұғырға көтерілгендері лайықты марапаттарын алды. Топжарған дарынды жас балуандардың арасынан Нұрислам Сатымбай, Ибрагим Иматай, Темірлан Сағынаев сында облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі болып жүрген сайдың тасындай саңылақ балуандардың күресіне ауыл көрермендері қызығы тамашалап, қол соғып үлкен әсер алды.

    «Күйкентедың күйін білген-сұңқар етеді», демекші, талантты балаға барын салып жаттықтырып, қанатын камдап жатқан ауыл-аймақтардағы бапкерлердің де еңбегі орасан екенін білеміз. Сондықтан да бапкерлер жалақысын көбейтіп, нәтиже бергендеріне көлемді сыйақы үзбей беріліп отырса артық болмас еді. Осы Қызылжарға келген сапарда қаншама жылдар бойы бапкер болып, таңдап алған мамандығының жемісін көріп келген Әнуар Нысанбаев сынды азаматты екінің бір мақтанышпен айтатына куә болдық. Ауылдың алғысын ғана алатын ауыл бапкерінің көптеген мұзбалақ, танымал балуандарды тәрбиелеп шығарғандығын естіп білдік. Жемісін үзбей беретін мәуелі жеміс ағашы секілді азаматтың ізгі ісіне әбден тәнті болдық. «Орағың өткір болса қарың талмайды», демекші, дарыны бойында тулап тұрған ауылдың жалынды жас балуандарының күресі көз қуантады. Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Асқантай Иманқұлов секілді атақты апайтөс балуандардың барлығы да ауылдан шыққан деп мақтана айтамыз. Сол ата буын құлагер балуандардың ізін басқан осы балақайлардың арасынан ертең әлем, олимпида жеңімпаздарына шығатынана сенім зор. Оған кеше ғана Париж олимпидасанында жеңіске жеткен алтын алқалы бауырымыз Елдос Сметов пен күмісті олжалап келген Демеу Жадыраевтарды айтса жетіп жатыр емес пе. Сондықтан да бота балуандарымыздың арасынан ата буын, аға буын жұлдызды балуандардың ізбасарлары көптеп шығатыны сенім зор. Ауыл спортының жанашыры, Кербұлақ ауданының азаматы, Құсайынов Сембек Тәукешұлының арналған аламан бәсеке мәресіне жетіп бауландар үлкен әсермен үйлеріне аттанды. Бұл жарысты ұйымдастырушылар алла бұйыртып жатса алдағы жылы дәстүрлік қылып, республикалық деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр екен. Ауыл таланттарының томағасын түріп, еркін күреске қызығушылықтарын арттыуға үлес қосар тағы бір дүбірлі жарыс дүниеге келіп отыр. Олай болса алдынан жарылқасын дейміз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *