14 жастағы Аңсар Ниетқалиев Еуропа теннис қауымдастығы (Tennis Europe Tour) тарапынан «Жылдың үздік шетелдік ойыншысы» атанды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Аңсар Ниетқалиев Еуропа одағына кірмейтін елдер арасынан озып шықты.
Биыл ол TE рейтингісінде жылды 41-орынмен аяқтады.
Осы маусымда теннисші жекелей сында Soul Cup ((Istanbul, Türkiye, екінші санат), Ankara Cup (Ankara, Türkiye) және Ergan Cup (Erzincan, Türkiye, екеуі де үшінші санат) турнирлерінде жеңімпаз атанды. Оған қоса жұптық сында екі рет Soul Cup (Istanbul) жарысында титулды жеңіп алды. Сондай-ақ жекелей сында тағы екі ТЕ додасында финалға дейін жетті.
Астана теннис мектебінің түлегі Аңсар Ниетқалиевтің жеке бапкері – Мұхамадамин Ерматов. Бұдан бұрын осы аталым бойынша 2021 жылы Зара Дәркен, 2022 жылы Заңғар Нұрланұлы, 2023 жылы Ева Корышева мен Даниэль Тазабеков марапатталған болатын.