Теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатында сәтті ойнап жатыр, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина чемпионаттағы екінші ойынын ойнады. Ол дүниежүзілік рейтингіде 191-орындағы америкалық, 17 жастағы Ива Йовичке қарсы кортқа шықты.
Рыбакина бірінші партияда 6:0 есебімен жеңді. Екінші сетте Йович ұзаққа созылған геймде есепті теңестірді. Содан кейін брейк жасап, 2:1 есебімен алға шықты. Дегенмен Рыбакина оны алысқа ұзатпады. Ол әуелі есепті теңестіріп, сосын 6:3 есебімен жеңді.
Матч 1 сағат 20 минутқа созылды. Осы уақытта Рыбакина 4 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Енді Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 33-ракеткасы, 24 жастағы Украинаның теннисшісі Даяна Ястремскаямен кездеседі. Ол небәрі 52-минутта черногориялық Данка Ковиничті 6:0, 6:1 есебімен жеңді.
Әлемнің 23-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 204-орында тұрған қытайлық Чжан Шуаймен күш сынап көрді. Путинцева бірінші партияны 6:2 есебімен аяқтады. Екінші сетте де сол қарқынынан жаңылған жоқ. Есеп — 6:1.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған матчта Юлия Путинцева 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Енді ол төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен ойнайды.