• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тұлпардың тұлпары «Талисман»

    «Жүзден жүйрік , мыңнан тұлпар», деген қазақтың бір қанатты сөзі бар. Сонау 1990-1992 жылдары қазақ даласында өткен аламан бәйгелердің алдын бермеген, есімі ел аузында аңыз болып қалған «Талисман» есімді тұлпарға айтылса керек.

    «Талисман» Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылынан шыққан. Ат иесі Тұсынбек Ыбырайымов. «Талисманның» иесі тайында Дегерес жылқы зауытынан бір көліктің құнына  сатып алған екен. Ат иесінің жүйрікті тұрысынан тану қасиеті болса керек. Алайда, мінген көлігінен түсіп бере салған арда азаматтың тұлпарды тани білетін  керемет білгірлігі, көріпкелдігі болмаса қалай ғана айтар едік. «Талисман» 1991 жылы Сыпатай батырдың атында  45 шақырымдық аламанда қара үзіп бірінші келіп,  бас бәйгеге тігілген автокөлікті ұтып алады. Сонымен қатар, 1991-1992 жылдары тұлпардың бағы жанып, нағыз желден жүйрік тұлпарға айналған жылдары еді. Сонау 1992 жылы Дегересте өткен дүниежүзі қазақтарының құрылтайында бас бәйгені жеңіп алып, «Талисманның» есімі шартарапқа тарайды. Таза қанды ағылшын мен араб жылқысының буданынан шыққан бұл жүйрікті сол жылдары «Замана тұлпары» деген атақты ел қосып берген екен. Бұл бәйгеде «Талисман» емес «Бойтұмар» деген есіммен аламанға шыққан екен.

    Жалпы, бұл тұлпар өз өмірінде 7 автокөлік және көптеген кілем-кілше, ат-атан тағы басқаларын жеңіп, ат иесінің әл-ауқатын жақсартқан. «Талисманның» иесі : «Талисман маңдайыма біткен тұлпар болды. «Талисманды» жүйрік ат деп бөлек күтім жасаған емеспін. Үйірде жүргенде ұстап алып, бәйгеге әкеліп қоссам болды жанына қара ілестірмей жек-дара келетін еді.  Сонда өрісті жүргенде-ақ өзін-өзі бәйгеге жаратып жүреді екен ғой жарықтық. Шауып келеді де төбенің басына шығып алып, желге қарсы жүре беретін бір ерекшелігі бар болатын. Сосын бір қасиеті суға аяғын малып тұратын.  Республика бойынша 100-ден аса сәйгүлектер қосылған бәйгеның алдын бермеді. «Талисман» қасиетті тұлпар болды ғой», деп ат иесі Тұрсынхан Ыбрайымов тұлпары  туралы әңгіме қозғалса теберініп кетеді екен. Бұл туралы Бағдат Мұхтарұлының «Арғымақ» атты кітабында жазылған.

    Бұл күнде Тұрсынбек ақсақал бақилық дүниеге өтіп кеткен. Дегенменде әйгілі тұлпарға Қордай ауданының атбегілері жиылып ескерткіш орнатқан. Негізі, тұлпарға арнап тұрғызылған ескерткішке Қызылсай ауылының тұрғыны Еркебек есімді азамат мұрындық болған екен. «Талисманның» алғаш үстіне мініп, аламанға шапқан шабандозы Бақытбек Уәсиев деген азамат болса керек. Бақытбек «Талисманмен» Сыпатай батырдың атында өткен 45 шақырымдық аламанда шауып бас жүлдеге ие болған. «Қазақ ат ер қанаты», деген.  Ат қазақпен бірге теңдей айтылатын қасиетті ұғым. Ал сол тұлпар ұстап бағып қағып мінген адам үшін сәйгүлектің әсіресе қазақ ұлты үшін бағасы шексіз. Талайдың сүйіспеншілігіне айналған бұл тұлпарды менде көзін көрген едім.  Жарықтық аяғынан қалып бір қорада тұраған жеріне барғанымды, қасынан шауып өткен бір топ жылқыны көріп кісініп қоя бергені әлі есімде. Сонда, «ойпыр-ай аламанды аңсап тұр екенсің ғой айналайын», деп барып жалынан сипаған болатынмын. Қазақ даласында қаншама тұлпарлардың ізі қалды десеңші.  Ал, «Талисманның» ел есінде сақталып қалуының бір себебі сол бірі аламан дүбірде топжарып алдымен жеке келетін, сүліктей сұлу бейнесін еске алып айтып отыратын халық барда «Талисманның» есімі ұмылытмақ емес.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *