• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Қазақстан футбол федерациясы

    Бұл ойынға «Үш» деген баға қоямыз!

    Марочкин секілді шаршап қалған көне ойыншылармен жаңа команда құрамын деген Әлиевтің ойын түсінбедік. Нұралы Әліп те көп қателік жіберді. Допты әріптесіне дұрыс бере алмайды. Сосын ол қорғаушы емес пе?! Аузын ашып ай қарап, жұлдыз санап жүргенде желдей жылдам зуылдаған қарсыластары жылдам өтіп кетіп жатыр.

    Вороговский, Чесноков, Тапаловтарды ат мінгізіп, зейнетке шығарып салса болар еді. Әттең Дастан Сәтпаев, Ғалымжан Кенжебектерді сары майдай сақтамай бірінші таймнан бастап шығармағаны тағы түсініксіз. Олар жас қой 90 минут талмай жүгіріп берер еді. Абат Айымбетов те өзін көрсете алмады. Асхат Тағыберген де қиыс теуіп, дер кезінде ашыла білмейді. Жылдамдығы да шабан. Иә Бақтияр Зайнудиновтың орны ойсырап тұрғаны анық. Бірақ мынандай кәрі-құртаң ойыншылармен сол баяғы Байғожаның таяғы болып қалған сияқты көрінді.

    Қысқасы мен Әли Әлиев бір жаңа тактика, жаңа ойыншылармен серпіліс әкеле ме, футболымыздың бойына қан жүгірте ме деп ойлаған едім. Олай болып шықпағаны өкінтеді. Қайрат Нұрдәулетов, Асқар Қожабергенов секілді жаны қазақ, тілі қазақ, намысты тәжірбиелі мамандар келсе деп армандап едім. Өкінішке орай, сол Лориялардың таныс тамырлары футбол шаруашылығын басқарып отырған сияқты. «Әттеген-ай деген сайын ақыл кіреді», деген болар ма қалай? Сосын біздің ойыншылардың басты қателігі әсіресе, қорғаушылардың артта жалғыз тұрып алдасуы ол несі? Айналайын-ау алға асырып тебе салса не кетеді.

    Қақпашымыз Заруцкий бір голды алдап өтіп тебемін деп қақпасына жіберіп ала жаздады. Олай алдау, техника онда қайдан болсын. Қауіпті екенін біле тұра сондай ессіз қадамға барып жатыр. Түсінбеймін, бұл қақпашыны қайдан қазып алған? Өзіміздің Сейсенді қойса не болар еді? Оның мына қақпашыдан қай жері кем? Жауаптан сұрақ көп ойын болды. Өте сәтсіз бастама. Тактика дұрыс құрылмаған. Артта жатып алып қарымта шабуылды қаужайтын жөнсіз бір тактиканы қалап алыпты. Оның үстіне қақпаны қорықпай ентелеп барып көздеп соғатын ойыншыны көрмедім. Маған тек Сәтпаев пен Жуковтың сәл белсенділгі ұнады. Сүйсіне қарай алмайтын сүреңсіз ойын болды. Қалғандарына «үш» тіпті екі деген баға қояр едім. Қайран қазағым-ай қашан футбол жөнге келеді екен?

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *