• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ақиық ақынның атындағы аламан

    Алматы облысы, Нарынқол ауылында қазақ күресінен Ұлы Отан соғысына 80 жыл толуына орай және қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевтың атында ресубликалық жарыс өтті.

    Бұл турнир 2008-2009 жылы туған жасөпірімдер арасында жалауын көтерген еді. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 300-ге жуық ұлттық күресіміздің бота балуандары келіп, боз кілемде өз өнерлерін көрсетті. Тау тұлға ақынның атындағы турнир алғашқы жылдары облыстық деңгейде ұйымдастырлып келген еді. Турнирдің ауқымы кеңейіп, қатысушылардың қызығушылығы арта бастаған кезде республикалық көлемге шығып, еліміздің әр өңірінен жасөспірім қазақ күресінің таланттары келіп қатыса бастаған.  Алғаш рет  Талғар ауданы Талғар қаласынан  бастау алған аламан жарыс биыл осымен 18 рет  Нарынқол ауылында өтіп отыр екен.

    Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медальдармен бірге бағалы сыйлықтармен де марпатталды. Алматы облысы Деншынықтыру  және спортты дамыту басқармасы, Алматы облысы қазақ күресі федерациясы, Райымбек ауданының әкімшілігі мен  БЖСМ ұжымының  ұйытқысымен дүбірлі  өткен жекпе-жек елдегі төл күресіміздің жанкүйерлеріне керемет мерекелік  көңіл-күй тарту етті.

    Төрешілер де өздеріне артылған міндеттерді халықаралық талаптарға сай мүлтіксіз өткізде десе болады. Жарыста ешқандай белден басып бір жаққа қарай сыңар езу танытқан төрешілер болмады. Барлығы әділ өтіп, барлық жағынан дайын келген  хас шеберлердің мерейі үстем болып отырды.

    Жарыс қортындысы бойынша 4 алтын,  2 күміс , 4 қола медальдарды жеңіп алған Жамбыл облысының балуандары командалық бірінші орынды иеленді. Екінші орынға 3 алтын, 1 күміс, 7 қола жүлдені жеңіп алған Алматы қаласының командасы орналасты.         Ал жүлделі 3 орынды 1 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлдеге ие болған Алматы облысының командасы еншіледі.

    Жекелей 9 салмақ дәрежесі бойынша  саралай кетсек, 46, 50, 55, 60, 65, 70, 76, 82, +82 дәрежелері бойынша балуандар белдесті.

    46 кг Жамбыл облысының балуаны  Сатжан Абдусайтнұрисламхан, 50 кг, 55 кг және 60 кг   Алматы қаласынан  Тойжан Әміржан, Нұрғожа Нұрбол және Болат Бекнұрлар топ жарды. 70 кг,75 кг  салмақтарда Жамбыл облысының балуандары  Тұраш Досымжан мен Темірхан Мансұрлар чемпион атанса, 82 кг Алматы облысы Кеген ауданынан келген балуан Алдаш Нұрқұланның бағы жанды. Сондай-ақ +82 кг астам сүйекті де  білекті балуандар арасында жамбылдық жас алып Мейірқұл Әділкерей жеңімпаз атанды.

    Қазақ күресі бүгінгі таңда ерекше қарқынмен дамып келеді. Ұлттық күресімізге деген құмарлық әсіресе ауыл-аймақтарда өзгеше. Кезінде Олимпиаданың үш дүркін чемпионы Александр Медведь 2010 жылы Қазақстанға келген сапарында « Мен қазақтың ұлттық күресінің болашағы зор екендігіне зор сеніммен айта аламан», деген болатын. Ендеше, ұлттық құндылығымыздың бір бұтағы ата күресімізге жан-жақты қолдау көрсетіп, өскелең ұрпақты қазақ күресімен айналысуына жағдай жасауымыз керек. Бала балуандардың ұлттық күресімізге деген сүйспеншіліктерін туғызып, қызықтырсақ абзал болар еді. Өйткені, қазақ күресінде қазақтың бар қасиеттері тоғысқан ұлы өнер жатыр.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Алматы облысы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *