Бокстан Шри-Ланкада өтіп жатқан U22 Азия чемпионатында жастар санаты бойынша Жанкелді Ахметов жаттықтыратын Қазақстанның қыздар құрамасы 12 алтын медаль жеңіп алды.
Бұл чемпионат 10 мамырда жалауын көтерген. Ол 24 мамырға дейін болады. Сары құрлық бәсекесі Шри-Ланканың астанасы — Коломбода болып жатыр. Оған Қазақстан қыздар құрамасы да қатысуда. Бүгін бұрымды боксшылардың бәрі финалға шығып, Азия чемпионы атағын жеңіп алғаны туралы қуанышты хабар келіп жетті.
Бұл бәсекеде Азия құрлығынан 21 ел қатысып жатыр. Атап айтқанда, Қазақстан, Ауғанстан, Аустралия, Бангладеш, Бутан, Камбоджа, Үндістан, Ирак, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Кувейт, Малайзия, Моңғолия, Палестина, Солтүстік Корея, Шри-Ланка, Сирия, Таиланд, Тәжікстан, БАӘ, Вьетнам 12 салмақта жүлдені сарапқа салды.
Азия чемпионы атағын Айым Таңқыбаева (48 кг), Сила Биболсынқызы (50 кг), Рахмина Абдумежитова (52 кг), Жанель Имантаева (54 кг), Ақнұр Тұрсынғали (57 кг), Толғанай Қасымхан (60 кг), Алина Құдайгенова (63 кг), Ақбота Есімбекова (66 кг), Мария Сидоренко (70 кг), Зарина Толыбай (75 кг), Құралай Егінбайқызы (81 кг), Сабина Жақсылық (+81 кг) жеңіп алды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА