• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бұл дүние бес күндік жалған екен

    Белгілі журналист Диас Ахметшәріп фәниден бақиға аттанды деген қайғылы хабар тарады.

    Ол 20 жасынан бері қазақ спортына, оның ішінде қазақ спорт журналистикасына атап айтарлықтай еңбек етті. Диас Советқалиұлы еңбек жолын 1997 жылы Қазақ радиосының репортері болып бастаған еді. Ұзақ уақыт Qazaqstan телеарнасы мен Khabar агенттігінде спорт журналисі болып жұмыс істеді.

    Одан кейін Qazsport мемлекеттік телеарнасының директоры болды. Осы қызметтен кейін Insport телеарнасының бас редакторы қызметін атқарды.

    2003-2007 жылдары Туризм және спорт істері агенттігінің баспасөз қызметінің басшысы, баспасөз хатшысы болса, 2010 — 2012 жылдары «Астана-СК» корпоративтік қорының қоғаммен байланыс департаментінің директоры (Спортты қолдау қоры) болып қызмет етті.

    2012-2013 жылдары Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының кеңесшісі болды.

    Диас Ахметшәріп Олимпиада және Азия ойындарының, әлем чемпионаттарының спорт шолушысы және Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының баспасөз атташесі жұмысын да істеді.

    Былтыр Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқарған. Осы жерде жұмыс істей жүріп, ол Париж Олимпиадасына дайындық штабында да ұлттық құраманың төрт жылда бір айналып келетін дүбірлі додаға дайындығы мәселесімен де айналысты. Сөйтіп, көптеген жарыстар мен спорттық іс-шаралардың жақсы өтуіне зор үлес қосып, өз ісінің нағыз маманы екенін көрсетіп жүрді.

    SportPress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайты әріптесіміз Диас Советқалиұлы Ахметшәріптің мезгілсіз қазасына байланысты марқұмның ата-анасына, зайыбына, балаларына, туған-туыстары мен басқа да  жақындарына қайғырып көңіл айтады.

    Марқұмның жаназа намазы 24 мамырда сағат 10:30-да Астана қаласындағы Республикалық Бас мешіттің жаназа алаңында болады (Мәңгілік ел даңғылы, 65).

    Асы сағат 11:00-де және сағат 13:00-де Palazzo Di Astana мейрамханасында беріледі (Сығанақ көшесі, 38).

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *