Қазақстан футбол федерациясы бұқаралық футбол саласындағы ең ірі ұлттық жобаны таныстырды. Бүгіннен бастап еліміздің барлық аймағын қамтитын 11х11 форматында «Қазақстан әуесқой лигасы» басталды, деп хабарлады Қазақстан футбол федерациясы.
Бұл бастама президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында айтылған басым бағыттармен үндеседі. Жолдауда бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызы ерекше атап өтілген.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылған лига енді жыл сайын өткізіледі. Осы маусымға еліміздің 20 өңірінен 268-ден астам команда, 5000-нан астам ойыншы қатысады деп күтіліп отыр. Оған қоса 34 локацияда 1500-ден астам ойын өткізу жоспарланды.
«Қазақстан әуесқой лигасын» құру – федерациясының стратегиялық мақсатына сай келеді. Бұл бастама елдегі футболдың дамуын бірізді жүйеге түсіруге бағытталған: әуесқой деңгейден бастап кәсіпқой футболға дейінгі толық құрылым қалыптастыру көзделіп отыр. Лиганың тағы бір маңызды міндеті – аймақтардағы футбол инфрақұрылымын нығайтып, оның қоғамдағы беделін арттыру.
Біз бұрын-соңды болмаған осындай ауқымды жобаны тек сайыс ретінде емес, отандық футболдың жаңа даму сатысы деп қарастырамыз. Себебі бұл додаға футболды сүйген әр адамның қатыса алады. Осы бәсекенің нәтижесінде өңірлік командалардың саны артып, жастарға жаңа мүмкіндіктер беріледі. Біздің мақсат футболдың әлеуетін дамытып, өңірлердегі спорттық өмірді жандандырып, жанкүйер мен ойыншылардың арманына жол ашу. Осылайша аталған жобаның жыл сайын жоғары деңгейде өтуіне қажетті қолдауды көрсетеміз, – деді ҚФФ бас хатшысы Давид Лория.
Жарыс екі кезеңнен тұрады. Аймақтық кезең мамыр мен қыркүйек аралығында еліміздің 20 өңірінде өтеді. Ал үздік командалар қазан айында Қазақстан Республикасы чемпионы атағын сарапқа салады.
Турнир жеңімпазы 2026 жылғы маусымда Екінші лигада ойнауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, келесі жылғы Қазақстан кубогына қатысып, еліміздің атынан УЕФА Аймақтар кубогында өнер көрсетеді.
Турнир жыл сайын тұрақты түрде өтеді. Алдағы уақытта оның форматы кеңейіп, қамту аясы артады. Бұл қадам футбол экожүйесінің барлық деңгейде дамуына серпін береді.