Футзалдан жаңа маусым Орал қаласында өтетін Суперкубок матчымен ресми түрде басталады, деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы.
23 тамызда ел чемпионы – Алматының «Қайрат» пен Қазақстан Кубогының иегері – «Семей» командалары өзара мықтыны анықтайды. Матч «Жайық арена» спорт кешенінде болады.
Бұл ойынның ерекшелігі – футзал тарихында алғаш рет Суперкубок ойыны Батыс Қазақстан облысында, су жаңа әрі заманауи спорт кешенінде ұйымдастырылады.
Матч өңірдегі футзалдың дамуына жаңа серпін беріп, жергілікті жанкүйерлер үшін айтулы оқиғаға айналатыны сөзсіз, — делінген хабарламада.
«Жайық арена» ашылғаннан бері биыл спорт кешенінде көптеген жарыс ұйымдастырылып келеді. Бұл жерде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында плей-офф бәсекесі өтіп, Қазақстан чемпионы анықталған болатын.